
Кадр даярлау мен кәсіби қолдауда ынтымақтастық жолға қойылды
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті мен Ақтөбе облысының Төтенше жағдайлар департаменті өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасады. Құжатқа университет ректоры Лаура Қарабасова және департамент бастығы, полковник Қахарман Оразалин қол қойды.
Меморандумның негізгі мақсаты – құқық саласында бәсекеге қабілетті мамандар даярлау, студенттердің кәсіби тәжірибесін кеңейту және түлектердің еңбек нарығындағы сұранысын арттыру. Ынтымақтастық аясында оқу процесін тәжірибемен ұштастыру, жас мамандарды мемлекеттік қызметке тарту және кәсіби дағдыларды жетілдіруге бағытталған бастамалар жүзеге асырылмақ.
Құжат бойынша Жұбанов университетінің студенттері мен магистранттары Төтенше жағдайлар департаментінде оқу, өндірістік және ғылыми-зерттеу тәжірибесінен өтеді. Сонымен бірге бірлескен ғылыми жобалар, конференциялар, семинарлар мен дөңгелек үстелдер өткізу жоспарланған. Университет тарапынан ТЖД мамандарына IT саласында әдістемелік қолдау көрсетіліп, психологиялық көмек бағытындағы жобалар жүзеге асырылады.
Бұл ынтымақтастық құқық саласы бойынша мамандар даярлау сапасын арттыруға, өңірде құқықтық мәдениетті дамытуға және азаматтық қорғау жүйесіне кадрлық резерв қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, жастардың кәсіби бағдарын айқындап, мемлекеттік қызметке қызығушылығын арттыруға жол ашады.