Home page > News > Жұбанов университетінде Бас прокуратураның қатысуымен «Болашақ прокурор» бұрышы ашылды
4
Жұбанов университетінде Бас прокуратураның қатысуымен «Болашақ прокурор» бұрышы ашылды

2025 жылғы 19 қыркүйекте Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының делегациясы келді. Делегацияны Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев бастап жүрді.

Бас прокуратура өкілдері Жұбанов университеті мен Heriot-Watt кампусын аралап, өткен жылы ашылған криминалистикалық полигонның жұмысымен танысты. Бұл полигон – студенттердің қылмыстық тергеу дағдыларын нақты жағдайға жақын ортада меңгеруіне, жаңа әдістемелер мен технологияларды тәжірибеден өткізуіне арналған бірегей алаң. Мұнда қылмыс орнын тексерудің барлық кезеңдеріне қажетті заманауи және дәстүрлі құрал-жабдықтардың толық жиынтығы бар. Айта кету керек, бұл орталық Батыс өңірінде болашақ заңгерлерді дайындайтын алғашқы және теңдесі жоқ оқу базаларының бірі.

Сондай-ақ, сапардың негізгі шарасы ретінде университеттің техникалық факультет оқу ғимараты кітапханасында «Болашақ прокурор» бұрышы ашылды. Мұнда студенттерге Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарының даму тарихына арналған жетекші ғалымдардың еңбектері мен оқу құралдары қолжетімді. Осы мақсатта Бас прокуратура университетке 200 оқу кітабын сыйға тартты. Бұл бірегей құқықтық әдебиеттер қоры заң факультеті студенттерінің білімін жетілдіруге зор мүмкіндік береді.

Іссапар аясында Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев студенттерге қонақ дәріс өткізіп, кездесуді қорытындылады.