
Студенттердің психологиялық жай-күйі мен қауіпсіздігі басты назарда
Студенттердің қауіпсіздігі мен психологиялық қолдау мәселелеріне арналған кездесу өтті.
Университет ректоры факультет декандарымен өткен жиында студенттерге этикалық тұрғыда дұрыс қарым-қатынас жасау, оқу және тұрмыстық мәселелер бойынша қолдау көрсету, сондай-ақ ата-анамен өзара түсіністік орнату бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Студенттер арасында буллинг, әлімжеттік және өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларының маңызы ерекше атап өтілді. Сонымен қатар, университеттің ішкі тәртіп ережелерін қатаң сақтау – оқу процесінің мәдениеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі екені айтылды.
Бұл мақсатта университеттің комплаенс қызметі мен психолог мамандарының колл-орталығы арқылы өтініш қабылдау жүйесі бұрыннан жұмыс істеп келеді.
Сондай-ақ профессор-оқытушылар құрамының студенттердің жеке басына құрметпен қарауы, олардың киім киісі мен сырт келбетіне қатысты көпшілік алдында ескерту жасамауы, сабақтан тыс уақытта әдеп нормалары мен кәсіби этиканы сақтауы қажеттігі де назарға алынды.
Кездесу барысында студенттердің құқықтарын қорғау және қолайлы психологиялық ахуал қалыптастыру – университеттің басты басымдықтарының бірі екені атап өтілді.