Жасанды интеллект пен математикалық модельдеу тоғысындағы жаңа ғылыми жетістік
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Марат Ахмет жетекшілік ететін ғылыми мектептің ғалымдары әзірлеген және Springer халықаралық баспасынан жарық көрген “Artificial Neural Networks” атты монографияның таныстырылымы өтті.
Бұл еңбек — математикалық талдау мен жасанды интеллект технологияларын ұштастырған кешенді зерттеу нәтижесі. Монографияда нейрондық желілердің теориялық негіздері, олардың есептеу үдерістерін оңтайландырудағы және интеллектуалды жүйелерді жетілдірудегі қолданбалы аспектілері қарастырылған.
Ғылыми басылымның жарық көруі — отандық ғылымның жаһандық ғылыми кеңістікке енуіндегі маңызды қадам. Профессор Марат Убайдуллаұлының жетекшілігімен қалыптасқан ғылыми мектеп бүгінгі таңда математикалық модельдеу мен жасанды интеллект саласында жаңа бағыттарды дамытып, жас зерттеушілерге тың мүмкіндік ашып отыр.
Сонымен қатар, профессордың Түркия, Еуропа және АҚШ баспаларында ағылшын тілінде жарық көрген еңбектері университет кітапханасына тапсырылып, білім алушылар мен жас ғалымдарға қолжетімді болды.
Ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Рахым Бекназаров монографияның университеттің ғылыми әлеуетін арттырудағы және жасанды интеллект бағытындағы зерттеулерді тереңдетудегі рөлін атап өтті. Ал академиялық мәселелер жөніндегі проректор Людмила Мясникова бұл еңбектің профессорлық-оқытушылық құрамның зерттеу белсенділігін арттырып, ғылыми ізденіске жаңа серпін беретініне сенім білдірді.