Ғылым мен адамгершілік жолындағы жарқын із
Университетте білікті маман, тәлімгер, марқұм Ерболат Аблазиұлы Дүзмағанбетовті еске алуға арналған «Жақсының жарығы өшпейді» атты жинақтың тұсаукесері өтті.
Іс-шараға университет басшылығы, әріптестері, шәкірттері мен замандастары қатысты. Шара барысында қатысушылар Ерболат Аблазиұлының өмір жолына, ғылым мен білім саласындағы еңбегіне тоқталып, оның адамгершілік болмысын, кәсіби біліктілігін және жастар тәрбиесіндегі үлесін ерекше атап өтті.
Ерболат Дүзмағанбетов Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, қазақ тілі кафедрасының оқытушысы, қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі және Академиялық сапаны қамтамасыз ету департаментінің директоры лауазымдарын атқарған.
Жинақта Ерболат Дүзмағанбетовтың өмірі мен қызмет жолына арналған естеліктер, мақалалар және замандастарының жүрекжарды лебіздері топтастырылған. Тұсаукесер барысында қатысушылар еңбектің мазмұнымен танысып, марқұмның жарқын бейнесі ел жадында мәңгі сақталатынына сенім білдірді.
Жаңа жарық көрген естелік жинақ топтамасы Жұбанов университетінің кітапханасына, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына және Мұғалжар аудандық кітапханасына табысталды.