Ақтөбеде халықаралық университеттермен бірлескен білім және ғылым жобалары талқыланды
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, Heriot-Watt University ректоры Ричард Уильямс және Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасованы қабылдады.
Кездесу барысында өңірдегі білім және ғылым салаларын дамыту, халықаралық тәжірибе алмасу және университеттердің стратегиялық дамуы мәселелері қаралды.
Өңір басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылы Ақтөбеде жұмысын бастаған Ұлыбританияның жетекші техникалық университеті Heriot-Watt University халықаралық кампусының құрылысы белсенді түрде жүргізіліп жатқанын айтып өтті. Бүгін құрметті қонақтар оқу-зертханалық корпустың салтанатты тақтасын ашу шарасына, сонымен қатар, өңірлік университет пен Миннесота университетінің бірлескен Халықаралық зерттеу құзыреттіліктерін дамыту орталығының ашылуына қатыспақ.
Бұл жобалар өңірдегі жоғары білім сапасын арттыруға және жастарға халықаралық тәжірибе алу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.