Zhubanov University: IT-білім беру экожүйесіндегі орны мен ықпалы
Цифрлық трансформация үдерісі жеделдеген кезеңде жоғары білім беру ұйымдарының бәсекеге қабілеттілігі олардың IT-инфрақұрылымына, кадрлық әлеуетіне және халықаралық серіктестік деңгейіне тікелей байланысты. Осы тұрғыда Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Huawei Annual Awarding Ceremony 2025–2026 салтанатты рәсімінде көрсеткен нәтижесі – жүйелі дамудың нақты көрсеткіші.
Huawei компаниясының ұлттық білім беру бастамалары, соның ішінде AI-SANA бағдарламасы аясында университеттің сертификатталған студенттер саны бойынша Қазақстандағы ТОП-4 академия қатарына енуі кездейсоқ жетістік емес. Бұл – оқу бағдарламаларының еңбек нарығы талаптарына сәйкестігін, практикалық бағыттың басымдығын және цифрлық құзыреттерді қалыптастыруға бағытталған институционалдық саясаттың нәтижесі.
Аталған жетістік университеттегі адами капиталдың сапасымен де тығыз байланысты. Информатика және ақпараттық технологиялар кафедрасы меңгерушісінің орынбасары, оқытушы, магистр Бану Ғабиденқызы Өмірзақованың Huawei тарапынан «Instructor of the Year» атағына ие болуы – жеке маманның ғана емес, тұтас академиялық ортаның кәсіби деңгейін айқындайтын көрсеткіш. Бұл оқытушылардың халықаралық стандарттарға сай даярлығы мен заманауи цифрлық білімді студенттерге тиімді жеткізе алатынын көрсетеді.
Бүгінде AI-SANA бағдарламасы ел көлемінде 45 академия мен 200 000-нан астам студентті қамтып отыр. Осындай ауқымды экожүйеде университеттің көшбасшылар қатарынан көрінуі – оның аймақтық қана емес, ұлттық деңгейдегі IT-білім беру хабына айналып келе жатқанын аңғартады. Бұл үрдіс өңірлік кадрлық әлеуетті нығайтуға және Қазақстанның цифрлық экономикасын дамытуға тікелей әсер етеді.