Home page > Mass Media about us > Лаура ҚАРАБАСОВА: «Жұбанов» деген тартымды брендті республика деңгейінде қалыптастырдық
4
Лаура ҚАРАБАСОВА: «Жұбанов» деген тартымды брендті республика деңгейінде қалыптастырдық

«Елімізде зерттеу университеттері көбеюде, олардың нақты өндіріспен байланысы нығайып жатыр. Үкіметтің мәліметі бойынша, қазір 200-ден аса коммерциялық жоба қолға алынды. Осылайша «Университет – зерттеу – инновация – коммерция» экожүйесі біртіндеп пайда болып жатыр. Ғылым қалашықтары салынып, технология парктері және инжиниринг орталықтарының құрылысы басталды. Бір сөзбен айтқанда, ғылым саласында көп жыл бойы болмаған оң үрдістер байқалып жатыр. Бұл өте маңызды жұмысқа сіздер де белсене атсалысып жүрсіздер».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-да ғылыми қоғамдастықпен кездесуіндегі сөзінен

Еліміздегі таңдаулы жоғары оқу орнының бірі, өңірдегі жоғары білімнің қара шаңырағы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті бүгінде сенімді түрде сандық көрсеткіштен сапаға көшуге, дәстүр мен инновацияны үйлестіруге бет алған жаңашыл білім ордасы. Университеттің стратегиялық даму векторы әлемдік деңгейдегі білім беру,  ғылыми-зерттеу кеңістігіне еркін һәм сенімді интеграциялануға бағытталған, бұл халықаралық ынтымақтастықты, институционалдық бәсекеге қабілеттілікті арттыратыны айқын.

Оқу орнының академиялық және ғылыми әлеуеті, стратегиялық амбициялары облыста ғана емес, еліміздің батыс өңірінде сапалы адами капитал қалыптастыруды, жаңа қоғамның жоғары сұраныстарына жауап беретін бәсекеге қабілетті маман даярлауды, өңірдің, еліміздің зияткерлік әлеуетін арттыруды көздейді.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Басқарма төрағасы — ректор Лаура Қарабасова еліміздегі ең жас ректор ретінде ел аузына ерте ілініп, инновациялық менеджмент пен институционалдық трансформацияны ілгерілетуші көшбасшы ретінде танылды. Ол — Ұлыбританияның Warwick университетінің үздік түлегі, білім саласындағы философия докторы (Ph.D.), қауымдастырылған профессор (доцент), әлемдік ғалымдармен бірлесе жазған білімді трансформациялау жөніндегі бірнеше кітаптың авторы, хирша индексі 6 (Scopus) деңгейіндегі ғалым, бірнеше ғылыми жобаның авторы, еліміздегі іргелі қоғамдық ұйымдардың белді мүшесі.

«Көргені жақсы көш бастар» дегендей, жас та болса бас бола білген Лаура Чапайқызымен өзі жөнінде, оқу орны жөнінде сұхбаттасқан едік…

«ӨЗІМІЗДІҢ ЛАУРА»

— Лаура Чапайқызы, алдымен өзіңізді газетіміздің 12 мыңнан астам оқырманына  таныстырсаңыз: Өзіңізге қандай анықтама жақын: Оқытушы. Ғалым. Қазақстандағы ең жас ректор. Реформатор басшы. Жаңа формациядағы ректор. Трансформациялық көшбасшы. Қазақтың қызы. Үздік үлгі. Жастардың идеалы. Ата-ананың үмітін ақтаған жас. Болашақ ғалымдарға жол көрсетуші. Арманы көп адам.    

— «Ақтөбе» газеті оқырмандары үшін «өзіміздің Лаурамын» деп ойлаймын. Мен білімім мен тәжірибемді толықтырып, туған жерім Ақтөбеге оралғанда, мұндамені «өзіміздің бала, өзіміздің түлек, өзіміздің Лаура» деп жылы қарсы алды. Ақтөбеде туып-өсіп, білім алып, тұлға ретінде қалыптасқанымды мақтан тұтамын және жерлестеріме ризашылығымды білдіремін. Әсіресе мені жылы сөзімен үнемі қанаттандырып жүретін аға буын өкілдерінің — ардагер аға-апаларымның қолдауын ерекше бағалаймын.

Анықтамаға келер болсақ, адам өмірдің әр белесінде сан қырлы, сан түрлі роль атқарады ғой. Ресми лауазымнан бөлек,ата-әже тәрбиесін көрген, мемлекеттің қолдауы арқасында жаһандық білім алып, оны өңірде пайдаға асыруға тырысып жүрген қазақтың қарапайым қызымын.

Білім беру саласын басқару — кәсіби мамандығым, әрі зерттеушімін. Көргенімді, білгенімді зерделеп, еліміздің батысындағы ірі оқу орны Жұбанов университетін заман талабына сай трансформациялауға жұмсап жатырмын. Жастармен жұмыс жасау шабыт береді. Идеал болуға ұмтылудан аулақпын. Бірақжастар өзі секілді қарапайым отбасынан және ауылдан шыққан жастардың өз потенциалын дамытуға мүмкіндік барын менің мысалымда көрсе деймін. Мемлекетіміздегі меритократия принципінің жұмыс жасап отырғанын түсінсе деймін. Сондықтан бұл жағынан рольдік модель болуға тырысамын.

— Балалық шағыңыз қайда, қалай өтті? Мектепте оқушы Лаура қандай болды? Қандай пәнді жақсы көрдіңіз? 

— Балалық шағым Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданының Көлденең темір (бұрынғы Ленин) ауылында өтті. Осы ауылда мектеп табалдырығын аттадым. Ауыл мектебінде алған білімім конкурс арқылы Ақтөбе қаласындағы Мақсот Құсайынов атындағы дарынды балалар мектебіне түсуге мүмкіндік берді. Бастауыш сыныпқа апам Майраның арқасында көп нәрсені біліп бардым. Мектепте тентектеу, бірбеткейлеу болдым. Интеллектуалды сайыстарда көбіне жеңімпаз болатынмын. Дарынды балалар мектебінде жоғары сыныптарда биология пәнінен Сәрсенгүл Бекжанованың жетекшілігімен облыстық олимпиадаларға қатыстым. Қазақ әдебиеті пәніне ерекше қызықтырған Ақжеңіс апайымды, география пәнінің мұғалімі Мейрамгүл Нұрбаеваны, тарих пәні мұғалімі Бақыт Сәрсембинаны атап өткім келеді. Гүлнар Тәжіғалиева, Алмагүл Есбосыновалар —  жақсы тәлімгер, Ұлмекен Жұбатқанова тәрбиеші болды. Өзімді «гуманитарий» деп санайтын маған физика пәні мұғалімі Байбосынов ағайымыз «физика пәніне қабілеттісің» деп, инженерлік салаға бағыттауға тырысты. Ұстаздың сенім беруі, басқа қырыңа назар аудартуы өте құнды.

— Ата-анаңыз, бауырларыңыз жайлы айтсаңыз… 

—«Өз-өзіне сенімді әр ересектің артында бала кезінде сенім берген ата-ана тұрады» деуші ме еді? Білімді, еңбекқорлықты өте жоғары құндылық ретінде қоя білген ата-анама таңғаламын. Ресурстар қанша шектеулі болса да, білім десе, ештеңе аямады. Ата-анамның достыққа адалдығына соншалықты қызығып қараймын. Жалпы,ата-анам — «барлық адамға жақсы болсын» деп тұратын, ішкі мәдениеті жоғары адамдар. Ата-анамызға «сен» деп сөйлейміз. Бізді еркін өсірді, ойымды ірікпей айта аламын. Алдымда апам мен ағам, менен кейін сіңлім бар. Қазір апа-ағаларымның отбасы, балалары бар. Сол үрдіспен мерекелер мен туған күндер міндетті түрде осы жақындарыммен өтеді. Олар — менің жанашырларым, жетістіктеріме қуанатын жандар. Ұжым үшін басшы болсам, жақындарымның арасында еркелеумін. Үйде әкем әлі еркелетеді, анам бар жақсысын алдыма тосады.

Сұхбат арасында:  

  • Жас ректор болу сіз үшін мүмкіндік пе, жауапкершілік пе, ауыр жүк пе?  
  • Жауапкершілік. Кейде ауыр. Бірақ бұл — ел дамуына үлес қосудың үлкен мүмкіндігі. Жоғары білім, ғылым, жастармен жұмыс мемлекет дамуы үшін шешуші мәнге ие. Сондықтан сапалы адами капитал қалыптастыруға ғана емес, жастардың өз потенциалын ашуына, тұлғалық қалыптасуына оң ықпал етуге ұмтылу  үлкен қуаныш. 
  • Қайтадан студент болу мүмкіндігі берілсе, Қазақстандағы қандай оқу орнында оқыр едіңіз? Қандай мамандықты таңдар едіңіз? 
  • Жұбанов университеті, Назарбаев университеті және Ұлыбританиядағы Уорик Университеті мен Кембридж университеті — менің кәсіби, ғылыми қалыптасу жолымдағы тамаша сәйкестік. Әртүрлі академиялық дәстүрді көрдім, әрқайсысының өзіндік мықты тұстары бар. Қазіргі уақытта АҚШ-тың да оқу орындарын зерделеп жүрмін. Қайтадан студент болу мүмкіндігі берілсе, дәл осыны қайталауым әбден мүмкін. Әр таңдауым — сол кезеңдегі ішкі түйсігім мен шешімім. Құрметтеймін, қабылдаймын. 

— Өзіңізге қаталсыз ба? 

  • Талапшылмын. Өзіме де, өзгеге де.

  • Ең құпия сырыңызды кімге айтасыз? 

  • Өте жақын құрбыларым бар. Кейбіреуі шетелде. Жылдап көріспесек те, рухани байланысымыз үзілмейді. Әңгімені кез келген жерден бастап, бір-бірімізді түсініп кете береміз. Абстрактілі тақырыптарда сөйлесе алатын достарымды өте жоғары бағалаймын. 

— Студент Лаураның жастық шағы қалай өтті? Қайда оқыдыңыз? «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түсу қиын болды ма? Еңбек жолыңыз туралы айтсаңыз…

— Жұбанов университетінің түлегімін. Өңірлік университетте оқысам да, студенттік жылдары республикалық жарыстарға қатыса жүріп, еліміздің біраз қаласын араладым. Өте белсенді студент болдым, студенттік өзін-өзі басқару ұйымына төраға болдым, қазіргі тілмен айтсақ, студенттік ректор. Жастар ісі жөніндегі комитет айналасында топтасып жұмыс жасадық. Қазір осы жастардың бірқатары облыс деңгейінде белсенді, облыс, қала дамуына үлесін қосып жүр.

«Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияда білім алдым, ол жақта оқу орындарына түсу оңай, оқу қиын. Ағылшын тілін жоғары деңгейде меңгеріп түссем де, магистратурада оқығанымда академиялық тіл қиындық келтірді. Ол үшін өте көп ғылыми мақала мен кітап оқуға тура келді. Уоркшоптар мен семинарлардан қалмадым. Әсіресе аргументация, ойды жүйелеу, дәйексіз пікір айтпау сынды дағдыларды үйрену үшін күш салдым.

Көпшілік біле бермейді: Ұлыбританиядан келген соң, Ақтөбеде жұмыс істегім келді, екі-үш жерге түйіндеме бердім, алайда менің біліміме сұраныс болмады. Ал Астанада сұраған жалақымды, айтқан шарттарымды қабылдай отырып, жұмысқа қабылдады. Менеджер, аналитик ретінде бірнеше білім беру ұйымында еңбек етіп, жаңа жобаларды жүзеге асырып, біраз шыңдалдым. Астана мені кәсіби маман ретінде қалыптастырды, орта таптым, дос таптым.

АКАДЕМИЯЛЫҚ АДАЛДЫҚ — ӘДІЛ ҚОҒАМНЫҢ ІРГЕТАСЫ

— Меніңше, жоғарыда айтылған анықтауыштардың барлығы да сіздің болмысыңызға сәйкес келетін секілді. Шынында да, өңіріміздегі ең ірі әрі таңдаулы оқу орны — Жұбановқа ректор болып келгелі журналист ретінде көптеген өзгеріске куә болып келеміз. Келгеніңізге қанша уақыт болды? Осы уақыт аралығында қандай жұмысты алдыңызға мақсат етіп қойдыңыз? Қаншасы орындалды?

— Университет — ең алдымен өңірдің игілігі мен үміті. Сондықтан өзіңіз сияқты түлектердің, жергілікті тұрғындардың біз жасап жатқан жұмыстардың оң нәтижесін көруі қуантады. Негізі, білім беру саласында өзгеріс жасау қиын әрі оның нәтижесін көру уақытты талап етеді. Десек те біздің жағдайда ұжымның ауызбіршілігі, өзгерісті қалауы және өзгеріске қажетті мамандардың болуы шешуші фактор болды.  «Жұбанов университетінде заңсыз жолмен оқуға болады, сабаққа қатыспай диплом алуға болады немесе талаптарға сай болмай, құжат тапсыруға болады» деп естисіз бе?

Ректор ретінде алдыма қойған міндеттің бірі академиялық мәдениетті өзгерту еді. Не себепті? Өйткені оқу орны берген диплом құнды, ал даярлаған мамандар қоғамға пайдалы болуы үшін тәртіп пен талап керек. Бұл талап баршаға ортақ болуы шарт. Білім беруші де, білім алушы да адалдық принциптерін сақтауы керек. Неге? Студент тек өз еңбегіңмен оқуға болатынын түсінгенде ғана оқиды. Қазіргі ұрпақты алдау мүмкін емес. Студент жастар әділдікке, заң мен тәртіпке сенуі керек. Ал сол әділдік, сол тәртіп басшылықтан,оқытушыдан басталады. Айтқан сөзіміз бен ісіміз алшақ болса, онда оқу орнын кім сыйлайды?

Әркім баласының мектепте жақсы ұстаздан білім алғанын қалайды. Әкімдікте білікті, адал мамандар отырғанын қалайды. Заңға жүгінгенде, адвокат не судьяның әділ шешім шығарғанын қалайды. Өндіріс орындарында қауіпсіз болғанын қалайды. Жолдың да, үйдің де сапалы салынғанын қалайды. Сол маманның барлығын Жұбанов университеті даярлайды. Сол үшін біздегі қатаң тәртіп, жоғары талап бар.  Университеттегі академиялық адалдық — әділ қоғамның іргетасы.

— Сіз студенттермен қатар, оқытушыларға, ғалымдарға да көп мүмкіндік ұсынып отырсыз. Мәселен, оқытушылардың ағылшын тілін тегін меңгеруі, сол арқылы «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түсуі, Миннесота университетімен бірлесіп Халықаралық зерттеу құзыреттіліктерін дамыту орталығын ашу секілді көптеген игі істі білеміз. Соған кеңірек тоқталсаңыз. 

— Қазіргі заманғы білім — жаһандық сипатта, шекараны білмейді. Оның үстіне ақпараттың ағылған заманында жоғары білімнің мазмұны күнде өзгеруде. Оқытушыларға заман көшіне сай болуы үшін сыртқа шығып, озық елдердегі білімнің үлгісін көру пайдалы. 2021 жылы ректор болып тағайындалған соң, оқытушыларымыздың шетелге шығып, тәжірибе жинау мүмкіндігін кеңейткім келді. Ал ол үшін ағылшын тілі керек. Ағылшын тілі — әлемдік ғылым мен технологияның тілі. Сондықтан біліктілігі жоғары, ересектерге ағылшын тілін үйрете алатын мамандарды университетке тартып, тегін әрі сапалы ағылшын тілін үйрену курсын ұсындық. Сол кезде 800-ге жуық оқытушының 30-ы ғана тілек білдірді. Осы 30 оқытушы әріптесімізге ризамын. Бұлар — нағыз жол бастаушы, жаңалыққа жаны құмар жандар. Келесі жылдары оқуға ниет білдірушілер саны 200-300-ге жетті. Ағылшын тілін оқыған әріптестеріміздің ішінен 110 адам Астана, Алматы және басқа қалалардағы оқу орындарының докторантурасына түсті. 31 әріптесіміз «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбритания, АҚШ, Нидерланд, Болгария және Түркияның жетекші оқу орындарында тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды.

Ал Миннесотамен бірлескен орталыққа келер болсам, әлеуметтік-гуманитарлық ғылым саласындағы оқытушыларды заманауи зерттеу әдіс-тәсілдерін меңгертуге бағытталған. Миннессотаның білім және адами капиталды дамыту факультеті — өте мықты, беделді факультет. Сондықтан олардың үздік тәжірибесін оқытушыларымыз үйренсе дейміз.

ӘЛЕМДІК СТАНДАРТТАРҒА ҰМТЫЛУ — ӨРШІЛ МАҚСАТ

— Жоғарыда айтқанымдай, университетте сіз келгелі көп өзгеріс болып жатыр. Соның бірі — әлемдегі таңдаулы оқу орындарының филиалын ашу, тығыз қарым-қатынас орнату. Университет базасындағы британдық Heriot-Watt University кампусының ашылуы білім сапасына, халықаралық ынтымақтастыққа қаншалықты әсер етті? Алдағы уақытта осындай бағыттағы тағы қандай жоба іске асырылады? Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыс туралы айтсаңыз? 

— Бұл — Мемлекет басшысының тапсырмасымен, айтарлықтай мемлекеттік қолдаумен жүзеге асып жатқан жоба. Жобаның мәні мынадай: шотландиялық Heriot-Watt университеті әлемде мұнай-газ инженериясы бойынша 8-орында, компьютерлік ғылымдар және электр инженериясы бойынша Ұлыбританияда мықты. Осы бағдарламалар бойынша енді жергілікті талантты жастар білім алып жатыр. 19 наурызда Әл-Фараби атындағы университеттегі ғылыми қауымдастықпен кездесуінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инженерлерді даярлаудың маңызын, сонымен қатар оқу орындарындағы жоғары білімнің сапасын жақсарту керектігін атап өтті. Біздің басты мақсатымыз — жастарға әлемдік деңгейдегі білім мүмкіндіктерін ұсыну. Тек Ақтөбенің талантты жастарын өңірде ұстап қалмай, еліміздің 14 өңірінен мықты жастарды тартып отырмыз.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің жүйелі қолдауымен бұл жоба өңірді талантты жастар үшін тартымды етіп, Ақтөбе облысының имиджіне қызмет етіп жатыр. Қыста өткен инвестициялық форумда облыс әкімі Асхат Берлешұлы да облыстың инвестициялық тартымдылығының бір факторы сапалы жоғары білім екенін айтып, университетімізді атап өткен еді.

Қазір шотландиялық бағдарламадағы студенттеріміздің алды 3-курс бітіреді, келер жылы еңбек нарығына шығады. Ал биыл әдеттегідей жаңа талапкерлерді қабылдаймыз.

Heriot-Watt университетімен бірлескен жобамыз арқылы Ақтөбеге еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, шетелден мамандар мен студенттер тартып жатырмыз. Қазір біздің 10-нан аса шетелдік профессорымыз Ақтөбеде тұрғылықты тұрады. Одан бөлек 1,5-2 ай сайын Шотландия мен Дубайдан басшылар мен сапаны бақылаушылар келіп тұрады. Олар үшін де Ақтөбе бөтен қала емес. Бұл мамандар, бұл студенттер Ақтөбедегі тұратын жеріне, азық-түлігіне, асханасына, киіміне, басқа қызметтерге ақша жұмсайды. Бұл дажергілікті экономикаға үлес. Көбіне осы жағын ұмытып кетеміз. Кейбір шетелдік университеттер тіпті өзі орналасқан қаланың, өңірдің экономикасын ұстап тұр. Бұл — біз ұмтылатын меже.

— Университеттің алдағы стратегиялық даму кезеңіндегі басым бағыттар қандай болмақ?  

— Шотландиялық Heriot-Watt университетімен серіктестігіміз — ұзақ мерзімді стратегиялық басымдық. Бұл — екі университет шеңберімен шектелмейтін маңызды ұлттық жоба, халықаралық академиялық дипломатия, мәдени қарым-қатынас. Халықаралық серіктестік орнату, меморандумға қол қою бергі жағы ғана. Іс жүзінде, бұл — өте күрделі, жауапты, ресурсты көп талап ететін жоба. Бұл жердегі мақсат жай ғана кадр даярлау емес. Бұл — Жұбанов университетін келесі сапалық сатыға көтеретін жоба. Біз академиялық саясатымызды түгелімен трансформациялап жатырмыз.

Ғылыми ынтымақтастық нәтижесінде әлемдік рейтингілерде позициясы жоғары университеттен үйренеріміз көп. Олар да тақыр жерге келген жоқ, дәстүрі мен 90 жылдық тарихы бар университетке келді. Оның үстіне бұл серіктестікке екі жылдай дайындалдық, яғни сапа талабын күшейттік. Сондықтан түлектерінің жұмысқа тұру көрсеткіші бойынша Шотландияда — 1-орын, Ұлыбританияда 4-орындағы университетпен бірге өз университетімізді алға сүйрейміз. Бұл жерде біз даму үшін, өсу үшін тазалыққа, қауіпсіздікке жауапты мамандарымыздан бастап бәріміз атсалысамыз.

Жұбанов университеті тек Ақтөбеге және көршілес өңірлерге кадр даярлайтын өңірлік университет шекарасынан шықты. Қазір Жұбанов — Астана, Алматы, Өскемен, Павлодар сияқты қалалардан келетін талантты жастардың таңдауы. Сондықтан біздің білімнің мазмұны, кәсіби практика, жұмыс берушілер осыған сай болуға тиіс. Қазір біздің жұмыс берушілеріміз әр өңірде, әр қалада бар. Соларды іздеп барып, байланыс орнатып жүрміз. Өйткені түлектеріміздің өз қабілетіне сай жұмысқа орналасуы маңызды.

ҒЫЛЫМДЫ КОММЕРЦИАЛИЗАЦИЯЛАУ: ЖАҢА ЖОБАЛАР МЕН ЖОСПАР

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымды коммерциализациялау қажеттігін айтты. Осы бағытта біздің университетте қандай жұмыс жүргізіліп жатыр? Өңірдегі бизнес саласымен байланыс қандай? Нақты қандай жобалар бар? Бұл жобалар қалай қаржыландырылып жатыр? Жалпы, біздің өңірде ғылымның жетістіктері қағаз күйінде қалып қоймай, өндіріс үшін пайдалы болып отыр ма, өңірдің дамуы үшін қолданылып жатыр ма? 

— Мемлекет басшысы білім, ғылым саласына ерекше көңіл аударады, біздің қауымдастыққа құрметпен қарайды. Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей тапсырмасымен ғылымды қаржыландыру соңғы 5 жылда 6 есе артты. Өңірлік университет ретінде осы қаржыландырудың артуы нәтижесінде жағдайымызды біраз түзеп жатырмыз: ғалымдардың жалақысы көбейді, жаңа лабораториялар ашылды, шетелдік ғалымдармен коллаборация артты.

Ғылымның ең басты функциясы — адам өмірін, қоғам өмірін жақсарту. Президентіміздің 19 наурызда Әл-Фараби университетіндегі ғылыми қауымдастықпен кездесуіндегі көтерген басты мәселе де — ғылыми зерттеу жұмыстарының экономикаға әсер етуі, нәтижелі болуы.Бұл міндет өте өзекті. Біз ғылыми-зерттеу нәтижелерін бизнес сектормен, нақты өндіріспен байланыстыру үшін осыдан 3 жыл бұрын коммерцияландыру департаментін аштық. Осы департаменттің жұмысының нәтижесінде екі кәсіпорынмен бірге ғалымдарымыз 700 миллион теңгедей қаржы ұтып алып, жаңа өндіріс ашуға кірісті. Оның бірі өндіріс қалдықтарының ауаны ластауына қойылатын арнайы сүзгілер болса, екіншісі — ферроникель өндірісі. Коммерцияландыруға ұсынылған ғылыми-техникалық жұмыс нәтижесінде Қазақстан Республикасы аймақтарындағы өнеркәсіптік нысандардағы нақты жұмыс жағдайын ескере отырып (сүзгі элементтерінің рамалары, бұрандалы конвейерлер, регенерация жүйелері және автоматтандырылған басқару жүйелері), толық газ шығарындыларын тазарту жүйесін де, осы жүйелерге арналған компоненттерді де өндіруге қол жеткізілді. Ұсынылған жүйе кез келген өнеркәсіп саласына — металлургия, энергетика, тамақ, құрғақ құрылыс материалдарын өндіру және т.б. қолдануға жарамды.

Ферроникельге келетін болсақ, қазіргі уақытта еліміздегі ферроникель нарығы келесідей: барлық ферроникельді металлургиялық компаниялар импорттайды, ал отандық өндіріс жоқ. Құрамында никель бар шикізат, мысалы, кен мен қалдық, қолжетімді және қоршаған ортаға кері әсер етеді. Логистикалық шығындардың көп болуына байланысты кен мен қалдық сияқты бұл шикізат шетелдік металлургиялық компаниялар үшін қымбат. Дәстүрлі өндіріс әдістері төмен сұрыпты кенді өңдеуге жарамсыз. Сонымен қатар шығарындылар мен кеніштерді игеруге қатысты экологиялық ережелер барған сайын қатая түсуде, ал электр энергиясының бағасы жыл сайын өсуде. Бұл дәстүрлі технологияларды қолдана отырып, ферроникель өндірісін мүмкін емес етеді. Сондықтан ферроникель балқыту технологиясының құнын арзандату мәселесін университет ғалымдары мен «Пакер КЗ»жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлесе отырып ғылыми зерттеулер барысында пайдаланылған катализаторлардан алынған алюмосиликатты толтырғышты пайдалана отырып, шикізатты күйдіру арқылы байыту үшін зертханалық сынақтар сәтті жүзеге асты. Қазір жаңа жоба дайындап жатырмыз.

— Сіз университетті нарыққа бейімдеу, оқу орнының жай ғана білім беретін орын емес, өңірдің экономикалық драйвері болуға тиіс екендігін үнемі айтып жүресіз. Жұбанов университеті аймақтың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына нақты қалай әсер ете алады? Ол қандай бағыттарға басымдық беруі керек? Жергілікті кадрларды даярлау мен оларды өңірде ұстап қалудың ең тиімді жолы қандай? 

— Ең алдымен, мына нәрсені түсінуіміз керек: университеттің қысқа мерзімді курстардан, мекемедегі практикадан айырмашылығы —  мұнда жастарды терең түсінуге, жүйелі ойлануға және жаңа нәрсе жасауға үйретуіміз керек. Университет өмір бойы әрі қарай үнемі оқу үшін, жаңаны үйрену үшін берік база қалыптастырады. Сонымен бірге университет беретін білім өндіріс пен кәсіпорынның талаптарынан өте жақсы хабардар болуы керек. Бұл дегеніміз — білім алушыны жылына бір рет практикаға жіберу ғана емес, қандай нарық үшін маман дайындап жатқанын білу. Міне, қазір осы бағыттағы жұмыс жүйелі жолға қойылды:  сонау 40-жылдардан бері Ақтөбеде жұмыс істеп келе жатқан, бірақ ешқашан Жұбановпен жұмыс істемеген зауыт, мекемелермен байланыс орнаттық. Бұл кездейсоқтық емес, олар университетке сенім арта бастады. Кез келген жұмыс берушіге талапшыл университет ұнайды.

Одан бөлек экономикаға, нақты секторға әсер етудің бірден-бір жолы — ғылым, яғни ғылымға негізделген шешім ұсыну. Өндірістік өңір ретінде бізде ауаның ластану проблемасы бар.  Бұл ретте көптеген зерттеу жұмысымыздың негізгі бөлігі қоршаған ортаны қорғауға бағытталған. Арнайы фильтрлер, феррохром өндірісінің қалдықтарын қайта өңдеу, т.б. Бізде ірі қара малдың нодулярлы дерматит ауруына қатысты зерттеу жұмысы бар. Нақты таралуын бақылауға көмектесе аламыз. Жалпы, өңірдегі әлеуметтік ахуалды талдау, инклюзивті ортадағы балаларды қолдау да зерттеу жұмысымыздың нақты бағытының бірі.

Жұбанов университеті — қала құраушы мекеменің бірі. Біздің қызметкерлер мен білім алушыларымыздың саны кейбір аудан халқымен тең. Бірақ мәселе санда емес, сапада. Өңір экономикасына қосатын жыл сайынғы үлесіміз — 8-9 миллиардтеңге шамасында. Ең алдымен, біздің университет — сенімді, тұрақты әлеуметтік институт, жұмыс беруші. Жыл сайын ғылым гранттарын ұтып алу арқылы жаңа жұмыс орындарын ашамыз. Екіншіден, біз даярлайтын мамандардың үштен екісі осы өңірде қалып, жұмыс істейді.

Сонымен қатар бұл өңірде бірде-бір мәдени, рухани, әдеби іс-шара біздің қатысуымызсыз өтпейді десем болады. Қаламен, облыспен тығыз жұмыс істейміз. «Таза Қазақстан» секілді маңызды бастамаларда да жүретін — біздің жастар, біздің түлектер.

Университет өңір экономикасына әсер етуі үшін фундаментін түзеу керек. Бұл —  білім сапасы. Білім сапасы мықты болса, ғылым дамиды. Осы екі фактор арқылы өңір экономикасының драйверіне айналуға болады.

Өңірге білікті кадрларды, әсіресе талантты жастарды тарту және ұстап қалу оңай емес. Ол үшін Жұбанов университетінде талант менеджмент саясаты бар. Шетелдік оқу орындарын бітірген жастарды тартумен қатар, ішкі кадрларды өсіріп жатырмыз. Соңғы жылдары 20 жас маманды басшылық қызметке тағайындадық. Түрлі тағылымдама, біліктілікті арттыру мүмкіндіктерін беріп жатырмыз.

Шын мәнінде, айлықпен, басқамен қазіргі жастарды қызықтыра алмайсың. Көбіне біздің жасап жатқан ісімізге, жобамызға сенетін, біздің команданың бөлігі болғысы келетін жастар келіп қосылады. Қазір біз «Жұбанов» деген тартымды брендті республика деңгейінде қалыптастырдық деп айта аламын.

«КЕЙБІР СТУДЕНТТЕРДЕ ЖАЛҒЫЗДЫҚ ПЕН ИЗОЛЯЦИЯ БАР...» 

— Бүгінгі уақыт, бүгінгі қоғам цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуды стратегиялық приоритет ретінде қарастырып отыр. Қазіргі адам капиталы, соның ішінде қазіргі білім алушылар осы трансформацияға қалай дайын болуы керек деп ойлайсыз? Университет студенттері бұған дайын ба?   

— Цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту бойынша біздің еліміз әлемнің елдері арасында өте белсенді. Мемлекет басшысы бұл саланы маңызды мемлекеттік басымдық ретінде атады. Қазір Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірге ұлттық AI-Sana бағдарламасы бойынша студенттерімізге ЖИ пайдалана отырып, түрлі жаңа стартап жоба жасауға дайындап жатырмыз. Қазіргі таңда студенттеріміз ЖИ негіздерін меңгеріп қана қоймай, оны практикада қолдана отырып, нақты стартап-жобалар әзірлеп жатыр. Бүгінде 7 түрлі жоба қалыптасып үлгерді. Оның қатарында білім беру процесін жеңілдетуге арналған BilimALL AI платформасы, абитуриенттерге бағыт-бағдар беретін TALAPKER AI ассистенті, сондай-ақ қауіпсіздікті арттыруға арналған Face Access Control жүйесі бар. Бұл жобалар студенттердің теориялық білімін нақты қолданбалы шешімге айналдыруға мүмкіндік береді.

— Қазіргі жастардың қандай проблемалары бар? Оларды не мазалайды? Жастар сізбен сыр бөлісе ме?

— Жастар проблемаларымен бөліседі. Менің инстаграм аккаунтыма жекегехат жазады да, кейде құпия қалдыруды сұрайды. Бірақ студент құқығына қатысты мәселе туындағанда, нақты шешім қабылдаймыз. Ол кезде құпиялылық сақтау мүмкін емес, себебі ресми тексеру ашу керек. Ол кезде студенттен рұқсат сұраймын. Жалпы, студенттер маған жас болғасын жақын әрі сенетінін байқаймын.

Ал жастарды не мазалайтынына келсек, виртуалды әлем, әлеуметтік желі студенттердің кампус өмірінен алшақтауына әкелуде. Бұрынғыдай университеттегі коммуникация, орта — жалғыз орта емес. Көп студентте жалғыздық пен изоляция бар. Ол үшін Психологиялық қолдау орталығын құрдық, жан-жақты көмек береміз. Бірақ студенттерді мәжбүрлей алмаймыз. Студенттерге зейінін шоғырландыру, фокус ұстау қиын. Бұл да үлкен проблема.

Сұхбаттасқан Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.