Home page > Youth policy > Жұбанов университетінде құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған ауқымды іс-шаралар өтті
4
Жұбанов университетінде құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған ауқымды іс-шаралар өтті

2026 жылдың 6–10 сәуірі аралығында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті базасында студент жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және «Заң және тәртіп» идеологиясын насихаттау мақсатында кешенді іс-шаралар ұйымдастырылды.

Аталған кезеңде Студенттер сарайында және университеттің барлық факультеттерінде «Хулиганка» және «Не книжные закладки» қысқаметражды фильмдерінің көрсетілімдері өткізіліп, олар кең көлемде талқыланды. Іс-шараларға құқық қорғау органдарының өкілдері, прокуратура қызметкерлері мен сот жүйесінің мамандары қатысып, студенттермен тікелей диалог алаңын құрды.

Көрсетілімдердің басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сыни ойлау қабілетін дамыту, жеке жауапкершілікті сезінуін қалыптастыру және заң талаптарын құрметтеу мәдениетін нығайту болды. 
Фильмдер мазмұны арқылы жастар арасындағы өзекті мәселелер – есірткі қылмысы, буллинг, агрессия, құқық бұзушылықтың салдары жан-жақты көрсетілді.

Іс-шараларға Ақтөбе облысы Полиция департаментінің түрлі бөлім басшылары, жедел уәкілдері, сондай-ақ прокуратура өкілдері мен сот қызметкерлері қатысып, студенттерге нақты мысалдар арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесулер барысында құқық бұзушылықтың түрлері мен салдары, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік, күмәнді жағдайларды тану және алдын алу жолдары және әртүрлі қиын жағдайда көмекке жүгіну тәсілдері түсіндірілді. 

Барлық факультеттерде өткен көрсетілімдер интерактивті форматта ұйымдастырылып, студенттер фильм кейіпкерлерінің әрекеттеріне құқықтық және моральдық тұрғыдан баға берді.
Талқылаулар барысында «жеңіл жолдың» ауыр салдары, дұрыс өмірлік таңдау жасау, жеке жауапкершілік пен тәртіптің маңызы ерекше атап өтілді. 

Сонымен қатар, менторлық сағаттар аясында да фильмдер көрсетіліп, білім алушылар арасында пікірталастар ұйымдастырылды. Бұл студенттердің сыни ойлауын дамытып, азаматтық ұстанымдарын қалыптастыруға ықпал етті.
Аталған іс-шараларға университет бойынша барлық факультеттен  3 мыңға жуық білім алушы қатысты. Студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты әрі мазмұнды жауаптар алды.