Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа бағдар: ашықтық, жауапкершілік және алдын алу тетіктері
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған жаңа бағдарламалық құжат жобасының негізгі бағыттарын талқылауға арналған дөңгелек үстел отырысы өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов, облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Байнешов, сондай-ақ жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, ғылыми қауымдастық мүшелері мен қоғам белсенділері қатысты.
Жиын барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдіру, алдын алу тетіктерін күшейту, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі ашықтық пен есептілікті арттыру мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар жаңа бағдарламалық құжат жобасының басым бағыттары мен оны іске асырудың тиімді жолдары бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды.
Заң жобасын әзірлеу жұмыстарына «Құқықтану» кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Айнұр Нұрутдинова және заң ғылымдарының кандидаты, кафедра доценті Ақылбек Нұрлин ғылыми-сараптамалық қолдау көрсетті.
Осы орайда университет академиялық адалдық қағидаттарын нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Оқу орны Академиялық адалдық лигасының мүшесі ретінде 2024 жылы өңірлік жоғары оқу орындары арасында алғашқылардың бірі болып аталған ұйымға төрағалық етті. Бүгінгі таңда университетте комплаенс қызметі тиімді жұмыс істеп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және олардың алдын алу бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруда.