Батыс аймақта жоғары білім саласында алғаш рет – ASIIN аккредитациясы
Физика-математика факультетінің білім беру бағдарламалары инженерлік, жаратылыстану және математикалық білім беру бағдарламаларының сапасын қамтамасыз ету саласындағы Еуропадағы жетекші агенттіктердің бірі – ASIIN (Германия) агенттігі тарапынан халықаралық аккредитациядан сәтті өтті.
3-4 желтоқсан аралығында жүргізілген сараптама барысында оқу бағдарламаларының халықаралық стандарттарға сәйкестігіне және білім беру сапасына жан-жақты талдау жүргізіліп, физика және математика білім беру бағдарламалары жеке кластер ретінде қарастырылды. Әр кластер құрамында University of Vechta, Leibniz University Hannover, Regensburg University of Applied Sciences, Koblenz University of Applied Sciences, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті және Назарбаев Зияткерлік мектебі өкілдері болды.
Аккредитация рәсімі шеңберінде университеттің 6B01512 – Физика, 6B05301 – Физика, 7M01502 – Физика, 7M05301 – Физика, 8D05301 – Физика, 6B01501 – Математика, 6B05401 – Математика, 7M01501 – Математика, 7M05401 – Математика, 8D05401 – Математика білім беру бағдарламаларының мазмұнын, оқу-әдістемелік қамтамасыз етілуін, профессор-оқытушылар құрамының ғылыми әлеуетін, сондай-ақ материалдық-техникалық және ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын қамтитын кешенді сыртқы аудит жүргізілді. Профессор-оқытушылар құрамының ғылыми әлеуетінің жоғары деңгейі, жарияланымдық белсенділігі және халықаралық ғылыми жобаларға қатысуы атап өтілді.
Білім беру бағдарламаларының халықаралық аккредитациядан сәтті өтуі – оқу орны қызметінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және халықаралық сапа талаптарына толық сәйкес келетінін көрсетеді. Бұл жетістік университеттің жаһандық білім беру кеңістігіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттырып, оның халықаралық академиялық қауымдастықтағы беделін нығайта түседі.