Ғылым және өндіріс: инновациялық серіктестік форумы
Университетте ғылым, инновация және өндірістік сектор арасындағы өзара ықпалдастықты дамытуға бағытталған форум өтті. Іс-шара ғылыми-зерттеу нәтижелерін коммерцияландыру, инновацияларды өндіріске енгізу үдерістерін жетілдіру және қолданбалы әзірлемелерді индустриялық ортаға енгізу мәселелерін кешенді талқылауға арналды.
Форумның ғылыми сессиясында қауымдастырылған профессор, философия докторы (PhD) Ербол Шабанов «Академиялық және зерттеу артықшылық орталығының өндірістік секторға интеграциялану мүмкіндіктері», «Мұнай-газ ісі» кафедрасының доценті, философия докторы (PhD) Гузель Абилова «Жоғары дәлдікті аналитикалық құрал-жабдықтар негізінде табиғи және техногендік объектілерді кешенді зерттеу», Биология кафедрасының доценті, философия докторы (PhD) Арман Исимов «Ірі қара малдың нодулярлық дерматиті бойынша эпидемиологиялық және генетикалық талдау», философия докторы (PhD) Әбілқайыр Исақұлов «Полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеу арқылы құрылыс материалдарын алу технологиялары», «Мұнай-газ ісі» кафедрасының доценті Риза Оразбекова «Құрамында хром бар өндірістік қалдықтарды экологиялық қауіпсіз материалдарға қайта өңдеу әдістері», Физика-математика факультетінің 1-курс докторанты Бибінұр Ізтілеуова «Полимерлік композиттер лабораториясы» тақырыптарындағы жобаларын таныстырды.
Бағдарлама шеңберінде ұйымдастырылған панельдік пікірталаста ғылыми әзірлемелерді коммерцияландырудың институционалдық тетіктері, бизнес-құрылымдармен кооперация және индустриялық әріптестік мәселелері жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, қолданбалы жобалар көрмесі ұйымдастырылып, ғылыми-инновациялық экожүйені дамытуға бағытталған бірқатар бастамалар ұсынылды.
Форум жұмысына университет жобаларына қызығушылық танытатын, серіктестік орнатуға және бірлесе жұмыс істеуге дайын өңірдегі жоғары оқу орындарының өкілдері, сондай-ақ облыстық кәсіпкерлер палатасы мен мұнай-газ, өндіріс, құрылыс және қызмет көрсету салаларындағы 75-тен астам кәсіпорын өкілдері қатысты. Шара ғылым мен өндіріс арасындағы синергияны күшейтуге, инновациялық жобалардың нарыққа шығуын жеделдетуге және өңірлік экономиканың технологиялық жаңғыртылуына ықпал ететін маңызды коммуникациялық алаңға айналды.