Білім берудегі жасанды интеллект: халықаралық тәжірибе мен даму бағыттары
Қазіргі таңда білім беру саласының қарқынды цифрлануы мен жасанды интеллект технологияларының дамуы оқыту үдерісінің мазмұны мен әдістерін түбегейлі жаңартуды талап етеді. Осыған орай университетте білім беру жүйесіне жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды тиімді енгізудің өзекті мәселелерін талқылауға, озық тәжірибелермен алмасуға және ғылыми қауымдастық, педагогтер мен сарапшылар арасындағы кәсіби диалогты дамытуға бағытталған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Шара аясында мектепке дейінгі және бастауыш білім беру жүйелеріндегі цифрлық трансформация, жасанды интеллектті қолдану мүмкіндіктері, ақпараттық-цифрлық технологиялардың рөлі мен даму үрдістері, сондай-ақ ұлттық болмысты сақтау мен дамытудағы олардың маңызына қатысты өзекті мәселелер бойынша баяндамалар мен пікірталастар ұйымдастырылды. Бастауыш білім беру үдерісінде қолданылатын тиімді әдістемелік құралдар көрмесінде заманауи оқыту технологиялары, цифрлық ресурстар мен инновациялық әдістемелер таныстырылды.
Конференцияға Түркия, Ресей, Башқұртстаннан келген шетелдік және Алматы, Қарағанды, Көкшетау, Орал қалаларынан келген отандық ғалымдар, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтері қатысты.