Студенттік хор ұжымы – шығармашылық пен кәсіби шеберліктің үйлесімі
Университеттің студенттік хор ұжымы «Жұбанов көктемі – 2026» халықаралық хор музыкасы фестивалі-байқауында жүлделі І орынды иеленіп, ұжымның кәсіби деңгейі мен орындаушылық мәдениетін жоғары деңгейде танытты. Бұл жетістік – көпжылдық дәстүрдің, жүйелі дайындықтың және көркемдік сабақтастықтың нәтижесі.
Кәсіби-шығармашылық факультетінің «Музыка және хореография» кафедрасына қарасты студенттік хор 1989 жылдан бері үздіксіз дамып, берік дәстүрі қалыптасқан шығармашылық мектеп ретінде орныққан. 100-ден астам студенттің ұжым ретінде өнер көрсетіп, Астана, Орал, Алматы, Ақтау, Ташкент қалаларына концерттік сапарлар жасауы хордың жоғары академиялық деңгейін және сахналық мол тәжірибесін айғақтайды.
Хор ұжымының кәсіби әлеуеті оның құрамында әр жылдары өнер көрсеткен белгілі орындаушылар арқылы да көрініс табады. Светлана Айтбаева, Манзура Сапарова, Асхат Тарғын, Нұрболат Абдуллин, Арман Жиеналиев, Еркебұлан Құмаров сынды эстрада өкілдерінің осы шығармашылық ортадан шығуы ұжымның кәсіби бағыттағы ықпалын айқын көрсетеді. Жібек Қапанова мен Айгүл Байшүкірова еңбегі аталған көркемдік мектептің негізін қалаған маңызды кезең ретінде бағаланады.
Қазіргі уақытта хор ұжымының жетекшісі – Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, халықаралық байқаулардың лауреаты, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі Мербол Құспанов. Оның кәсіби ұстанымы хор мәдениетін жүйелі дамытуға, сахналық тәртіп пен вокалдық сапаны тұрақты деңгейде қамтамасыз етуге бағытталған. Нәтижесінде ұжым студенттер үшін тек шығармашылық алаң ғана емес, кәсіби талап пен эстетикалық талғамды қалыптастыратын орта ретінде танылып отыр.