Жоғары оқу орындарындағы сапаны қамтамасыз ету мәселелері талқыланды
Жұбанов университетінде жоғары білім беру жүйесіндегі деректерге негізделген шешім қабылдау мәселелеріне арналған «Жоғары оқу орындарындағы сапаны қамтамасыз ету: мүдделі тараптардың тәжірибесін жақсарту үшін деректерді тиімді пайдалану» тақырыбындағы IV институционалдық зерттеулер форумы өтті.
Форум Nazarbayev University, KIMEP University, SDU University, UIB, QyzPU және DKU (Германия) сынды университеттерді біріктіретін институционалдық зерттеушілердің кәсіби қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырылды. Форумға қатысқан еліміздің батыс өңіріндегі жоғары оқу орындары қатарында Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті бар.
Форум барысында институционалдық зерттеулерді дамыту, деректер негізінде басқарушылық шешімдер қабылдау, білім сапасын арттыру және халықаралық тәжірибені жоғары оқу орындарының қызметіне енгізу мәселелері кеңінен талқыланды.
Қатысушылар қазіргі таңда деректерді талдау мен тиімді пайдалану университеттердің стратегиялық дамуының маңызды құралына айналып отырғанын атап өтті. Бұл білім беру ұйымдарына қоғамның өзгермелі талаптарына бейімделуге және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.