Ақпараттық қауіпсіздік – цифрлық қоғамның басты талабы
«Салауатты ұрпақ – ұлт байлығы» форумында технологияларды тиімді пайдаланудағы тепе-теңдік, жасанды интеллект дәуіріндегі жастардың психологиялық ахуалы, әлеуметтік ортаға бейімделуі және цифрлық ортадағы қауіпсіздігі кеңінен талқыланды.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия қолдауымен ұйымдастырылған іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, IT саласының мамандары, психологтар мен құқық қорғау саласының қызметкерлері қатысты.
Форум спикерлері қатарында Ақтөбе облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкілі Айгүл Нұркеева, Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының басшысы Жадан Бисенбин, Қазақстандық IT-аналитик, лектор және кәсіпкер Тимур Бектұр, Химия ғылымдарының магистрі, Қазақстанның 100 жаңа есімі жобасының жеңімпазы Ұлан Үсенов, Әлеуметтік ғылымдар магистрі, КМТ психологы, Maqsut Narikbayev University студенттерге психологиялық қолдау көрсету қызметінің жетекшісі Құралай Иманалиева, Ақтөбе облысы Полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Жәнібек Шағиров, Ақтөбе облысындағы «Әкелер одағының» жетекшісі Руслан Қазыбаев, Психология ғылымдарының магистрі, психоаналитика бағытындағы психолог, Zhubanov University Денсаулық және салауаттылық орталығының жетекшісі Анна Гниденко болды.
Кездесу барысында сала мамандары жалған ақпараттарды анықтау, жасанды интеллект арқылы жасалған контентті ажырату, цифрлық тәуелділіктің белгілерін тану және әлеуметтік желідегі психологиялық қысымнан қорғану жолдары жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар қатысушыларға онлайн кеңістіктегі қауіптерді тану, кибербуллинг жағдайында әрекет ету алгоритмдері, студенттер мен оқушыларға психологиялық қолдау көрсету тетіктері бойынша тәжірибелік ұсыныстар ұсынылды.
Форум цифрлық сауаттылықты арттыруға, жастардың ақпараттық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және киберқауіпсіздік мәселелеріне қоғам назарын аударуға бағытталды.