Ақтөбеде қытай тілін меңгерген жастардың республикалық сайысы өтті
Бүкіләлемдік бастауыш, орта мектеп оқушылары мен студенттер арасындағы «Қытай тілі көпірі» байқауының Қазақстан Республикасы бойынша іріктеу финалы қорытындыланды.
Байқау барысында қатысушылар қытай тілін меңгеру деңгейі, сондай-ақ Қытайдың мәдениеті, тарихы, музыкасы мен өнері бойынша білімдерін көрсетті. Іс-шара Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі мен өңірлік консулдықтың қолдауымен, Конфуций институтының ұйымдастыруымен өтті. Бағдарлама аясында қытай халқының ұлттық дәстүрлері мен өнері таныстырылды.
Шараға Қытай Халық Республикасының Ақтөбе қаласындағы Бас консулдығының өкілдері, сондай-ақ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті және Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті жанындағы Конфуций институттарының Қазақстан және Қытай тарапынан директорлары қатысты.
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті жанындағы Конфуций институты – Қазақстанның батыс өңіріндегі қытай тілін оқыту және қытай мәдениетін насихаттау бағытында жұмыс істейтін орталықтардың бірі. Институттың негізгі мақсаты – Қазақстан мен Қытай арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамыту, қытай тілін оқыту және екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту.