Жұбанов университетінің ғалымдары еліміздің ең ықпалды зерттеушілері қатарында
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы 2021–2025 жылдар аралығында қазақстандық аффилиациясы бар ғалымдардың ғылыми жарияланымдарына жасалған дәйексөздер негізінде рейтинг жариялады.
Рейтингті қалыптастыру кезінде Web of Science, Scopus, InCites, SciVal және CrossRef халықаралық ғылыми дерекқорларының мәліметтері пайдаланылды.
2026 жылғы маусым айындағы деректерге сәйкес, білім беру саласы бойынша ең көп дәйексөз келтірілген 100 ғалымның қатарында Жұбанов университетінің Басқарма төрағасы – ректоры, PhD, қауымдастырылған профессор Лаура Қарабасова 4-орынды иеленіп, көшбасшы зерттеушілер қатарындағы жоғары позициясын сақтап отыр.
Сондай-ақ Педагогика және білім берудегі менеджмент факультетінің ғалымдары да үздік жүздікке енді. Атап айтқанда, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Айгүлден Тоғайбаева – 36-орында, PhD, қауымдастырылған профессор Динара Рамазанова – 39-орында, ал педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Мейрамгүл Есенғұлова 98-орында тұр.
Математика саласы бойынша университет ғалымдары да жоғары нәтижелер көрсетті. PhD, қауымдастырылған профессор Сандуғаш Мынбаева 32-орынға жайғасса, физика-математика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Мадина Тлеубергенова 41-орынды иеленді. Сонымен қатар, физика-математика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Алтыншаш Бекбауова – 62-орында, физика-математика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Асқарбек Иманчиев – 76-орында, ал PhD Захира Нугаева 80-орында орналасқан.
Ауыл шаруашылығы және ветеринария ғылымдары бағыты бойынша PhD Арман Исимов 3-орынды иеленіп, еліміздегі үздік зерттеушілер қатарынан көрінді.
Материалдық инжиниринг саласында физика-математика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Амирбек Бекешев 61-орынға, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Бауыржан Келаманов 67-орынға, ал PhD Асылбек Әбдірашит 70-орынға ие болды. Химия ғылымдары бойынша Аделя Кенжебаева 58-орынды иеленді.
Тарих ғылымы саласында техника ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлбану Избасарова 12-орыннан көрінсе, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Асылбек Маден 23-орынға жайғасты.
Тіл және әдебиет бағыты бойынша PhD, қауымдастырылған профессор Гульжана Кузембаева 13-орынды иеленді. Сонымен қатар ол гуманитарлық және өнер ғылымдары саласында 38-орында тұр. PhD, доцент Танзиля Вахитова – 24-орында, ал филология ғылымдарының докторы, профессор Абат Пангереев 26-орында орналасқан.
Бұл нәтижелер Жұбанов университеті ғалымдарының ғылыми-зерттеу қызметінің жоғары деңгейін, еңбектерінің халықаралық ғылыми қауымдастықтағы сұранысын және ел ғылымының дамуына қосып отырған маңызды үлесін айқын көрсетеді.