Жаңа оқу жылының алғашқы ғылыми кеңесі өтті
Жаңа оқу жылының алғашқы Ғылыми кеңес мәжілісінде күн тәртібіне сәйкес университеттің академиялық және ғылыми қызметінің негізгі бағыттарына қатысты бірқатар өзекті мәселелер қаралды. Жиынға Ғылыми кеңес мүшелері, құрылымдық бөлімше басшылары және жауапты қызметкерлер қатысты.
Басқарма мүшесі, Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Людмила Мясникова 2026 жылғы қабылдау науқанының қорытындыларына тоқталып, білім алушылар контингентін қалыптастыру нәтижелері бойынша ақпарат ұсынды. Сонымен қатар 2026–2027 оқу жылына арналған оқу жүктемесінің көлемі мен сағаттар саны, сондай-ақ кафедралардың штаттық кестесіне қатысты мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Басқарма мүшесі, Ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Рахым Бекназаров университеттің ішкі нормативтік-құқықтық құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері бойынша баяндама жасап, профессор-оқытушылар құрамының ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижелілігін арттыруға бағытталған ұсыныстарын таныстырды.
Стратегиялық және халықаралық даму департаментінің директоры Ақерке Аяғанова профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылардың ішкі және сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысу тәртібіне қатысты өзгерістер туралы ақпарат ұсынды.
Сондай-ақ, жиында «Биология» кафедрасының доценті, биология ғылымдарының кандидаты Алия Базаргалиеваға 10500 – биологиялық ғылымдар ғылыми бағыты бойынша және «Информатика және ақпараттық технологиялар» кафедрасының доценті, физика-математика ғылымдарының кандидаты Мейрамгул Талиповаға 10100 – Математика ғылыми бағыты бойынша қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы дипломдары табысталды.
«Психология және арнайы педагогика» кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Клара Туребаева мен «Көлік техникасы, тасымалды ұйымдастыру және құрылыс» кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының докторы Исатай Утебаев ректор Алғыс хатымен марапатталды.
Ғылыми кеңес барысында күн тәртібіне енгізілген мәселелер жан-жақты талқыланып, тиісті ұсыныстар мен шешімдер қабылданды. Көтерілген мәселелер бойынша жауапты құрылымдық бөлімшелерге нақты тапсырмалар беріліп, алдағы кезеңге арналған басым бағыттар айқындалды.