Ғалым Амангелді Айталының бұрын жарияланбаған еңбектері жарық көрді
Амангелді Айталы – Жұбанов университетінің ғылымында өзіндік қолтаңбасын қалдырған көрнекті ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор, қоғам және мемлекет қайраткері. Оның ұлттық діл, қоғамдық сана мен қазақ қоғамының болмысына қатысты бұрын жарық көрмеген еңбектері «Ділтану» жинағы болып оқырманға жол тартты. Кітаптың алғашқы данасын Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров ғалымның жұбайы Гүлжан Сүйінбайқызына табыстады.
Амангелді Әбдірахманұлының Жұбанов университетімен байланысы біз үшін айрықша. Университет кітапханасында ғалымға арналған арнайы бұрыш жасақталып, өзі пайдаланған жұмыс үстелі, кітаптары мен жеке заттары сол қалпында сақталып тұр. Бұл – университетіміздің ғылыми тарихының бір бөлігі және кейінгі буынға қалған тағылым.
«Ділтанудың» жарық көруі – ғалым еңбектерін жинақтау ғана емес, оның ғылыми ойларын қайта оқып, зерттеуге мүмкіндік беретін маңызды қадам. Амангелді Айталының мұрасы оқылып, зерттелген сайын оның ғылымға қалдырған ой мектебі де жалғаса береді.