Әділетті қоғамға – шыншыл сөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1994 жылдан бастап әр жылдары жария түрде айтқан маңызды ой-тұжырымдары, саяси ұстанымдары мен қоғамдық-экономикалық мәселелерге қатысты пайымдары топтастырылған «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітаптың таныстырылымы өтті.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, облыстық басқармалар мен құрылымдық бөлімшелердің басшылары, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, профессор-оқытушылар құрамы, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және жастар қатысты.
Дөңгелек үстел барысында жинақтың мазмұндық-құрылымдық ерекшеліктері, тарихи-саяси мәні мен қоғамдық маңызы жан-жақты сараланды. Зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар кітапта қамтылған ой-пікірлердің ел дамуының әр кезеңіндегі қоғамдық-саяси процестермен сабақтастығына тоқталып, жинақтың тарихи жадыны жаңғырту, ұлттық сана мен азаматтық жауапкершілікті нығайту тұрғысындағы рөлін атап өтті.
«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» жинағы – Қазақстанның саяси және қоғамдық даму эволюциясын зерделеуге мүмкіндік беретін мазмұнды дереккөздердің бірі. Кітаптағы идеялық тұжырымдар мемлекетшілдік ұстанымдардың тарихи сабақтастығын, қоғамдық жаңғырудың негізгі қағидаттарын және Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды қалыптастыру бағытындағы стратегиялық бағдарларды жүйелі түрде пайымдауға мүмкіндік береді.