ChatGPT Edu платформасының жоғары білім берудегі мүмкіндіктері талқыланды
Жұбанов университетінде жоғары білім беру жүйесінде жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалану мәселелеріне арналған маңызды кездесу өтті. Іс-шара барысында ChatGPT компаниясының өкілі Нұржан Әбдіразақов университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлеріне ChatGPT Edu платформасының жоғары білім беру үдерісінде қолдану мүмкіндіктері туралы ақпарат беріп, заманауи жасанды интеллект құралдарын білім беру және ғылыми-зерттеу қызметіне кіріктірудің перспективаларын таныстырды.
Кездесудің негізгі мақсаты – жасанды интеллектіні оқу үдерісіне тиімді әрі жауапты енгізу, оқытушылар мен зерттеушілердің күнделікті жұмысын жеңілдететін цифрлық құралдардың мүмкіндіктерін көрсету және академиялық ортада AI технологияларын қолданудың жаңа бағыттарын талқылау.
Айта кетейік, Жұбанов университетіне ChatGPT Edu платформасын пайдалану үшін 700 лицензия берілді. Қазіргі таңда университеттің профессор-оқытушылары мен қызметкерлері жасанды интеллект мүмкіндіктерін кәсіби қызметінде қолдану бағыттарын меңгеріп, платформаның функционалдық мүмкіндіктерін тәжірибеде пайдалана бастады.
Кездесу барысында ChatGPT Edu платформасының оқу үдерісіндегі практикалық мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылып, жасанды интеллектті тиімді пайдалану жолдары көрсетілді. Сонымен қатар платформа ғылыми-зерттеу қызметінде де жаңа мүмкіндіктер ұсынатыны атап өтілді.