Шетелдік ғалым ағылшын тілін оқытудың заманауи әдістемесімен бөлісті
Жұбанов университетінде ағылшын тілін оқыту әдістемесі саласының PhD докторы, доцент Эва Рейдтің қатысуымен бірқатар академиялық іс-шаралар өтті.
Словакиялық ғалым «Шетел тілі: екі шетел тілі» білім беру бағдарламасының студенттері мен магистранттарына дәрістер мен практикалық семинарлар өткізді. Сабақтар барысында ағылшын тілін оқытудың заманауи әдістемесі, CEFR қағидаттары, коммуникативтік, әлеуметтік-лингвистикалық және прагматикалық құзыреттер, аудиторияны басқару және педагогтің кәсіби рөлдері қамтылды. Модельдік сабақтар форматында ұйымдастырылған кездесулер студенттерге тиімді оқыту әдістерін пікірталас, симуляция, рөлдік ойын және проблемалық тапсырмалар арқылы меңгеріп, талдап, тәжірибеде қолдануға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар шетелдік ғалым «Ағылшын және неміс тілдері» кафедрасының оқытушыларымен кездесіп, халықаралық тәжірибесімен бөлісті. Кездесу барысында ағылшын тілін оқытудағы білім алушыға және іс-әрекетке бағытталған тәсілдер, тапсырмаға негізделген оқыту, қалыптастырушы бағалау, цифрлық құралдар мен жасанды интеллектіні пайдалану, аутентті материалдарды қолдану және мәдениетаралық коммуникативтік құзыреттілікті дамыту мәселелері талқыланды.