Home page > News > Жұбанов университетінде жаңа оқу жылы жаңа нәтижелермен басталды
4
Жұбанов университетінде жаңа оқу жылы жаңа нәтижелермен басталды

Жұбанов университетінде Ғылыми кеңестің кезекті мәжілісі өтті. Басқарма мүшесі – Ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Рахым Бекназаров жаңа оқу жылының жағымды жаңалықтармен басталғанын атап өтіп, бірқатар профессор-оқытушыға марапаттар мен ғылыми атақтарды растайтын дипломдарды табыстады.

Математика кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Аспет Қағазбаева Түркі әлемі математикалық қоғамы мен Қазақстан математикалық қоғамының қаулысымен «Математика ғылымын дамытудағы айрықша үлесі үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ «Металлургия және тау-кен ісі» кафедрасының профессоры, PhD Ербол Шабанов пен техника ғылымдарының кандидаты Өтеген Сариевке «Материалдық инжиниринг» ғылыми бағыты бойынша профессор ғылыми атағының дипломдары табысталды. Жалпы педагогика және білім берудегі менеджмент кафедрасының меңгерушісі, PhD Динара Рамазановаға «Білім» ғылыми бағыты бойынша қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағының дипломы берілді.

Бұдан бөлек, «Математика» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы дәрежесіне ие болған Тимур Төлеуов пен Айсұлу Тәңірбергенге PhD дипломдары табысталды.

Мәжілістің күн тәртібінде университеттің 2026–2027 оқу жылына арналған қабылдау комиссиясы жұмысының қорытындысы туралы мәселе қаралды.
Қабылдау науқанының қорытындысы бойынша талапкерлердің ҰБТ нәтижелерінде оң динамика байқалады. Соңғы төрт жылда талапкерлердің орташа балы 10 балға өскен. Атап айтқанда, 2023–2024 оқу жылындағы орташа көрсеткіш 75 балды құраса, биыл бұл көрсеткіш 85 балға жетті. Ал «Алтын белгі» иегерлерінің үлесі өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға артқан.
Университетке білім алуға ниет білдірген шетелдік талапкерлердің де қатары көбейіп, халықаралық студенттер географиясы кеңейе түсті. Биыл 11 елден 68 талапкер Жұбанов университетін таңдаған.
Жалпы, университетке 3 мыңнан астам талапкер қабылданып, оның 1199-ы мемлекеттік білім беру грантының иегері атанды. Осылайша Жұбанов университеті мемлекеттік білім беру гранттары ең көп бөлінген жоғары оқу орындарының қатарынан көрініп, еліміздегі үздік 20 университеттің қатарына енді.
Ғылыми кеңес отырысында бұдан бөлек университеттің ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, профессор-оқытушылар құрамының ғылыми әлеуетін арттыру, ғылыми еңбектерді баспадан шығару және оқу үдерісін жетілдіруге бағытталған бірқатар мәселе талқыланды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.