Home page > News > «Қобыланды батыр» жыры: түркі халықтарының ортақ рухани мұрасы
4
«Қобыланды батыр» жыры: түркі халықтарының ортақ рухани мұрасы

Жуырда Ақтөбе қаласында «Түркі халықтарының рухани мұрасы әлемдік өркениет аясында: «Қобыланды батыр» жыры» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Конференцияны Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы, ҚР Материалдық емес мәдени мұра жөніндегі ұлттық комитеті, Халықаралық Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры, Ақтөбе облысының әкімдігі, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты және Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті бірлесіп ұйымдастырды.

Халықаралық жиынға Қазақстанмен қатар Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей Федерациясы және тағы басқа елдерден белгілі фольклортанушылар, әдебиеттанушылар, ғалымдар мен зерттеушілер қатысты. Ғылыми басқосуда «Қобыланды батыр» жырының тарихи негіздері мен көркемдік табиғаты, түркі халықтарының эпикалық дәстүрімен сабақтастығы, жырдың түрлі нұсқалары мен аудармалары, қаһармандық концепті, жыршылық дәстүр, сондай-ақ фольклорлық мұраны сақтау және оны қазіргі мәдени-цифрлық кеңістікте жаңғырту мәселелері талқыланды.

 Пленарлық отырыста Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Шыңғыс Айтматов атындағы Әдебиет институтының директоры, академик Абдылдажан Акматалиев, Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясы Фольклор институтының директоры Хикмәт Кулиев, Түркияның Еге университетінің профессоры Пынар Дөнмез Федакар, Ресей Ғылым академиясының ғалымы Гульнур Хусаинова, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры Абат Пангереев және басқа да белгілі зерттеушілер ғылыми баяндамалар жасады.

Сонымен қатар конференция аясында «Қобыланды батыр» эпосының әзербайжан және саха тілдеріндегі аударма басылымдарының тұсаукесері өтіп, эпосты халықаралық ғылыми және мәдени кеңістікке таныту, оның түрлі тілдердегі нұсқаларын ғылыми айналымға енгізу мәселелері де қаралды.