Ғылымға арналған ғұмыр: профессор Жайшылық Сартабановтың монографиялары таныстырылды
Жұбанов университетінде физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғалымы Жайшылық Алмағанбетұлы Сартабановтың ғылыми монографияларының тұсаукесері өтті.
Жайшылық Сартабановтың университеттегі еңбек жолы 60 жылды қамтиды. Осы жылдар ішінде ғалым білім беру мен ғылым саласында жемісті еңбек етіп, математика ғылымының дамуына, ғылыми кадрлар даярлауға және университеттің ғылыми әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосты. Бүгінде профессор – Математика бойынша диссертациялық кеңестің төрағасы.
Іс-шарада сөз сөйлеген Ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Рахым Бекназаров профессор Жайшылық Сартабановтың университеттің ғылыми әлеуетін дамытуға қосқан үлесіне тоқталып, ғалымның көпжылдық зерттеу еңбегінің маңызын атап өтті.
Тұсаукесер барысында ғалымның периодтық жүйелер мен дифференциалдық теңдеулер саласындағы ғылыми зерттеулерін қамтитын екі монографиясы таныстырылды. Атап айтқанда, «Исследование многопериодических систем с оператором дифференцирования по диагонали методом периодических характеристик» және «Многопериодические колебания в некоторых дифференциальных и функционально-разностных системах» атты ғылыми еңбектердің мазмұны мен ғылыми маңызына назар аударылды.
Монографияларда көппериодтық жүйелердің қасиеттерін зерттеу, олардың шешімдерінің құрылымы мен тербелмелі процестердің заңдылықтарын анықтау мәселелері қарастырылады. Бұл бағыт дифференциалдық теңдеулер теориясы мен динамикалық жүйелерді зерттеудің маңызды салаларының бірі болып саналады.
Шара барысында профессордың әріптестері мен шәкірттері ғалымның еңбек жолы, ғылыми-зерттеу қызметі, математика ғылымына қосқан үлесі және кейінгі ұрпаққа қалдырып отырған ғылыми мұрасы туралы пікірлерін білдірді.