Home page > News > Жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізу тәсілдері таныстырылды
4
Жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізу тәсілдері таныстырылды

Жұбанов университетінде профессор-оқытушылар құрамына арналған «Жасанды интеллектіні оқу үдерісіне интеграциялау: заманауи құралдар мен әдістемелік мүмкіндіктер» тақырыбында воркшоп өтті.

Іс-шараның мақсаты – жасанды интеллект бағыты бойынша біліктілігін арттырған оқытушылардың тәжірибесін әріптестерімен бөлісу және ЖИ құралдарын білім беру үдерісінде тиімді қолданудың практикалық мүмкіндіктерін көрсету.

Воркшоп барысында Информатика және ақпараттық технологиялар кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Алтынзер Байғанова мен кафедраның аға оқытушысы, магистр Нұршат Наурызова заманауи цифрлық платформалардың оқу үдерісіндегі қолданысын таныстырды.

Қатысушылар NotebookLM платформасында оқу материалдарын талдау, Claude көмегімен HTML форматындағы презентациялар әзірлеу, XMind AI арқылы интеллект-карталар құру және Diffit платформасында білім алушылардың деңгейіне бейімделген тапсырмалар дайындау тәсілдерін меңгерді.

Айта кетейік, 2025 жылы Информатика және ақпараттық технологиялар кафедрасының 25 оқытушысы Astana Hub IT-мектептерінде жасанды интеллект бағыты бойынша 150 сағаттық базалық курстан өткен болатын.