Жұбанов университетінде жасанды интеллектті қолданудың этикалық қағидаттары талқыланды
23 қазанда Жұбанов университетінде Миннесота университетінің профессоры Баскар Упадиайдың (Bhaskar Upadhyay) «Этикалық қағидаттарды сақтай отырып, жасанды интеллектіні қолдану: АҚШ білім беру ұйымдарының тәжірибесі» тақырыбында ашық дәрісі өтті.
Дәріске университет магистранттары, докторанттары, оқытушылары мен қызметкерлері қатысты.
Баскар Упадиай – педагогика және білім беру зерттеулері саласының маманы. Оның ғылыми қызметі оқыту әдістерін жетілдіру, білім алудағы тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мен білім сапасын арттыру мәселелерін қамтиды.
Дәріс барысында профессор АҚШ-тың білім беру ұйымдарында жасанды интеллектіні этикалық нормаларды сақтай отырып, саналы түрде қолдану тәсілдерін таныстырды. Ол білім беру үдерісінде адамның жетекші рөлін сақтауға, жасанды интеллект қалыптастырған ақпаратты сыни тұрғысынан бағалауға және студенттердің дербес ойлау қабілетін дамытуға ерекше назар аударды.
- Студенттерге жасанды интеллектіні қолданудың рұқсат етілген шектерін түсіндіру маңызды. Себебі жасанды интеллект құралдары білім алуға көмектесуі керек, бірақ студенттердің өзіндік интеллектуалдық әрекетін алмастырмауы тиіс. Мысалы, мен «Жасанды интеллект және қоғам» курсы аясында силлабуста қандай тапсырмаларды орындау кезінде ЖИ қолдануға рұқсат етілетінін, ал қайсысында қолдануға болмайтынын көрсетемін. Тапсырманы орындау барысында студенттердің жасаған барлық сұрауларын, әрекеттерін және енгізген өзгерістерін көргім келеді. Алайда жасанды интеллектіні қолданғаны үшін олардың бағасын төмендетпеймін. Мен үшін ең бастысы – студенттердің адал болуы. Жасанды интеллектіні қолдану мәселесіндегі ашықтық – академиялық этиканың маңызды қағидаты, – деп атап өтті профессор.
Айта кетейік, 10–25 қазан аралығында Баскар Упадиай Жұбанов университетінің Зерттеу құзыреттіліктерін дамыту халықаралық орталығы ұйымдастырған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы зерттеушілерге арналған біліктілікті арттыру курсын өткізуде. Ашық дәріс аталған бағдарлама аясында ұйымдастырылды.