Home page > News > Жастар және қауіпсіз қоғам
4
Жастар және қауіпсіз қоғам

Жұбанов университетінде «Заң мен тәртіп» идеологемасы аясында облыс жастарының қатысуымен «Жастар және қауіпсіз қоғам» атты кездесу өтті.

Іс-шараның мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, интернет-алаяқтықтың алдын алу және қоғамда заң мен тәртіп қағидаттарын насихаттау.

Кездесу барысында Ақтөбе облысы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Берік Буранбаев киберқауіпсіздік мәселелеріне тоқталып, жастарға интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлерден қорғану жолдарын түсіндірді. Ал Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Жадан Бисенбин интернет-алаяқтықтың алдын алу және қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөнінде баяндады. Сондай-ақ Жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Рустам Ибраев пен Ақтөбе қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Батырхан Жанабаев заң талаптарын сақтау, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын атап өтті.

Бұдан бөлек, танымал қазақстандық киноактер әрі блогер Азамат Рзагалиев лудоманияның зияны, оның адам өмірі мен қоғамға тигізетін кері әсері туралы айтып, жастарды жауапкершілікпен шешім қабылдауға және саналы таңдау жасауға шақырды.

Кездесу барысында жастар өздерін толғандырған мәселелер бойынша маңызды ақпарат алып, қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыру, заң талаптарын сақтау және құқықбұзушылықтың алдын алу жөнінде құнды мәліметтермен танысты.