Home page > Congratulations > Жұбанов университетінің білім алушысы «Үркер» ұлттық сыйлығының иегері атанды
4
Жұбанов университетінің білім алушысы «Үркер» ұлттық сыйлығының иегері атанды

Жұбанов университетінің білім алушысы, облыстық «Ақтөбе» газетінің тілшісі Мейрамгүл Сатаева «Үркер-2026» ұлттық сыйлығының иегері атанды.

Астанада өткен Astana Media Week аясында «Тұмар» және «Үркер» ұлттық сыйлықтарының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Байқау қорытындысы бойынша Мейрамгүл Рахатқызының «Жасанды интеллект: адамзат жаңа дәуірге аяқ басты» атты мақаласы «Жылдың үздік материалы» номинациясында үздік деп танылды.

Биыл байқауға 12 номинация бойынша 600-ден астам өтінім түскен. Оның ішінде «Тұмар-2026» ұлттық телевизиялық сыйлығының жеңімпаздары 6 номинация бойынша, ал «Үркер-2026» ұлттық сыйлығының иегерлері 6 номинация бойынша анықталды.

Мейрамгүл Рахатқызы Жұбанов университетінде «Журналистика» білім беру бағдарламасы бойынша жоғары білім алған. Қазіргі уақытта «Филология» білім беру бағдарламасының 2 курс магистранты.

Еңбек жолында университеттің «Толқын» радиосында, «Ақтөбе университеті» газетінде, Қазақ радиосында, облыс әкімдігі Баспасөз қызметі және «Алтын Орда» газетінде қызмет еткен. Қазіргі таңда облыстық «Ақтөбе» газетінде 20 жылдан бері үздіксіз еңбек етіп келеді. Ол – ақпарат саласының үздігі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Мейрамгүл Рахатқызын жоғары марапатымен құттықтап, шығармашылық табыс пен кәсіби жетістіктер тілейміз!