Home page > International connections > Жұбанов университеті халықаралық әріптестік байланыстарын кеңейтуде: Хорватия елшісімен кездесу өтті
4
Жұбанов университеті халықаралық әріптестік байланыстарын кеңейтуде: Хорватия елшісімен кездесу өтті

Бүгін Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде Хорватия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рефик Шабанович бастаған делегациямен ресми кездесу өтті.

Делегация құрамында дипломат Йосип Саламунович, ORBICO компаниясының өкілі және Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Асхат Әбдірахманұлы Айтжанов болды.

Кездесу барысында университет басшылығы оқу орнының институционалдық даму басымдықтарын, ғылыми-зерттеу әлеуетін, білім беру бағыттарын және халықаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі стратегиялық бастамаларын таныстырды. Сонымен қатар мәртебелі мейман университет кампусын аралап, заманауи инфрақұрылымымен, академиялық ортасымен және ғылыми-инновациялық мүмкіндіктерімен танысты.

Тараптар Хорватияның жоғары оқу орындарымен институционалдық әріптестік орнату, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын дамыту, студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының тәжірибе алмасуын ұйымдастыру, сондай-ақ бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын іске асыру перспективаларын қарастырды.

Жұбанов университеті халықаралық ынтымақтастықты білім мен ғылымның сапасын арттырудың, академиялық ортаны дамытудың және жаһандық білім беру кеңістігіндегі позициясын нығайтудың маңызды бағыты ретінде қарастырады. Осы тұрғыда шетелдік университеттермен және халықаралық ұйымдармен байланыс орнату институционалдық дамудың басым бағыттарының бірі болып қала береді.

Хорватия делегациясының сапары университеттің халықаралық диалог алаңындағы әлеуетін таныстыруға, жаңа серіктестік бағыттарын айқындауға және білім мен ғылым саласындағы өзара тиімді ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейтуге негіз болды.