Home page > News > Адам саудасы мен киберұрлықтың алдын алуға арналған профилактикалық кездесу өтті
4
Адам саудасы мен киберұрлықтың алдын алуға арналған профилактикалық кездесу өтті

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында адам саудасы мен киберұрлықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық кездесу өтті.

Кездесуге Ақтөбе облысы Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілдері, полиция подполковниктері Олжас Оспанов пен Асқар Иманов, сондай-ақ «Дәріс-2016» қоғамдық қорының атқарушы директоры, ҚР ІІМ-нің адам саудасына қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының мүшесі Гүлнұр Идигеева қатысты.

Кездесу барысында мамандар адам саудасының түрлері, оның алдын алу жолдары, интернет кеңістігіндегі алаяқтық пен киберұрлықтың кең тараған тәсілдері туралы ақпарат берді. Сонымен қатар жеке деректерді қорғау, күмәнді ұсыныстарды ажырату және цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселелеріне тоқталды.

Студенттерге күнделікті өмірде қолдануға болатын практикалық қауіпсіздік кеңестері ұсынылды. Атап айтқанда, бейтаныс адамдардың жұмыс немесе жоғары табыс туралы күмәнді ұсыныстарына сақтықпен қарау, жеке құжаттар мен деректерді бөгде адамдарға бермеу, белгісіз сілтемелерге өтпеу, банк картасының деректері мен SMS-кодтарды ешкімге жарияламау қажеттігі түсіндірілді.

Кездесу соңында студенттер мамандарға сұрақтарын қойып, өзекті мәселелер бойынша жауап алды.

Қауіпсіздік – сақтықтан басталады. Ал құқықтық және цифрлық сауаттылық – алаяқтық пен қылмыстың алдын алудың маңызды құралы.