Ақтөбеде қазақстандық және түрік ғалымдарының «Folklor Millî Ruhun Pınarı» атты монографиясының тұсаукесері өтті
25 қарашада «Folklor milli ruhun pınarı» («Фольклор – ұлттық рухтың бастауы») монографиясының салтанатты таныстырылымы өтті. Ғылыми еңбек Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті мен Кастамону университеті арасындағы халықаралық ынтымақтастық аясында түрік тілінде жарық көрді.
Ғылыми еңбектің авторлары-профессорлар Абат Шамұратұлы Пангереев пен Орхан Сөйлемез (Orhan Söylemez). Монографияда қазақ және түрік халықтарының рухани мұрасы, фольклорлық құндылықтары және олардың ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы рөлі ғылыми тұрғыдан зерделенген.
Іс-шараның басты мақсаты-түркі әлемінің ортақ мәдени және рухани мұрасын кеңінен насихаттау, бауырлас екі ел арасындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайту және жас зерттеушілерді жаңа ғылыми еңбекпен таныстыру. Жиын офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылды.
Тұсаукесер рәсіміне екі университеттің басшылығы, отандық және шетелдік фольклортанушы ғалымдар, профессор-оқытушылар құрамы, докторанттар мен магистранттар, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.