Home page > News > Жұбанов университетінде польшалық график-суретшілердің көрмесі ашылды
4
Жұбанов университетінде польшалық график-суретшілердің көрмесі ашылды

Жұбанов университетінде кәсіби-шығармашылық факультетінің ұйымдастыруымен «КӨПІР: Еуропа — Азия» көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Көрме аясында Польшадан келген суретшілер Марина Подольская мен Адам Чех «SUBSTRATUM: Бір негіз, екі әлем» атты бірлескен шығармашылық жобасын таныстырды.
Докторант Марина Подольская мен доктор Адам Чех Цешин қаласындағы Силез университетінің Бейнелеу өнері институтында қызмет етеді. Экспозицияға қос суретшінің авторлық туындыларымен қатар Силез университеті студенттерінің жұмыстары да қойылды.
Көрмеде түрлі техникада орындалған туындылар ұсынылған: жібек баспа (шелкография), литография, линогравюра, офорт және цифрлық графика. Дәстүрлі баспа әдістері заманауи технологиялармен ұштасқан эксперименталды жұмыстарға ерекше мән берілген. Мұнда графикалық айқындық, сызықтардың дәлдігі мен ұтымдылығы жарық пен көлеңкенің әсерлі үйлесімімен, табиғи пішіндермен және фактуралармен сабақтасқан.
Көрмені ұйымдастыру идеясы суретшілер Марзия Жақсығарина мен Марина Подольскаяның экслибрисшілердің халықаралық конгресінде танысуы нәтижесінде туған.
— Біз университетіміздің қандай мүмкіндіктерге ие екенін көрсету үшін оқытушылар мен студенттердің жұмыстарын алып келдік, — дейді қонағымыз Марина Подольская. — Түрлі графикалық техникалардан бөлек, бізде керамика, витраж және мүсін шеберханалары бар. Әрбір туынды көрерменге үйреншікті қабылдау шеңберінен шығып, қиял әлеміне бойлауға және көркем бейнелерден өзіндік мән табуға мүмкіндік береді.
Көрме халықаралық академиялық және шығармашылық байланыстарды нығайту алаңына да айналды. Болашақта қос университет арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылу жоспарлануда. Бұл құжат студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығына, кәсіби тәжірибе алмасуға және бірлескен шығармашылық жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Туындылармен Жұбанов университеті Жастар сарайының «Атриум» көрме залында танысуға болады.