Зертхананың сипаттамасы:

«Материалдарды металлургиялық қайта өңдеу» зертханасы шикізат пен қайталама материалдарды металлургиялық қайта өңдеу саласында қолданбалы және іргелі зерттеулер жүргізу мақсатында құрылған. Зертхана тау-кен металлургиясы саласының ғылыми-техникалық мәселелерін шешуге, сондай-ақ білім алушыларды тәжірибеге бағытталған даярлауға бағдарланған.

Негізгі қызмет бағыттары:

  • материалдарды металлургиялық қайта өңдеу саласында ғылыми зерттеулер жүргізу;
  • технологиялық шешімдерді әзірлеу және сынақтан өткізу;
  • шикізат пен қайта өңдеу өнімдеріне аналитикалық зерттеулер жүргізу;
  • қолданбалы ғылыми жобаларға қатысу;

Зертхананың құрылымы келесі функционалдық аймақтарды қамтиды:

  • материалдарды дайындау аймағы - ұсату, ұнтақтау, жіктеу және сынамаларды дайындауға арналған жабдықтармен қамтамасыз етілген; 
  • байыту аймағы - пайдалы қазбаларды гравитациялық, магниттік, флотациялық және басқа да байыту әдістерін жүргізуге арналған;
  • термиялық және металлургиялық қайта өңдеу аймағы - әртүрлі типтегі пештермен және пирометаллургиялық процестерге арналған қондырғылармен жабдықталған;
  • аналитикалық аймақ - химиялық, фазалық және құрылымдық талдау жүргізуге арналған заманауи аспаптармен қамтамасыз етілген.

Материалдық-техникалық база:

Зертхананың материалдық-техникалық базасы металлургия саласындағы толық технологиялық цикл бойынша зерттеулер жүргізуге арналған заманауи жабдықтарды қамтиды. Зертханада Nabertherm (Германия) компаниясының жоғары температуралы пештері, соның ішінде молибден дисилицидімен қыздырылатын вакуумдық пештер, сондай-ақ THEMYS (Франция) дифференциалды термиялық және термогравиметриялық талдаудың біріктірілген анализаторы орнатылған.

Механикалық және физика-химиялық зерттеулер жүргізу үшін Shimadzu (Жапония) компаниясының HMV-G микрокаттылық өлшегіші мен AGS-X әмбебап сынау-разрывтық машинасы, Elementar (Германия) көміртек пен күкірттің элементтік анализаторлары, ProSpector 3 портативті металл анализаторы (Украина), сондай-ақ Rigaku NEX DE рентген-флуоресценттік спектрометрі (АҚШ) қолданылады.

Сынамаларды дайындау және технологиялық операцияларға арналған жабдықтар қатарында Struers (Дания) компаниясының тегістеу-жылтырату және кесу станоктары, Siebtechnik (Германия) компаниясының вибрациялық диірмені мен елеу машинасы, Specac (Ұлыбритания) автоматты гидравликалық пресі және басқа да қосалқы жабдықтар бар.