
Жұбанов университетінде ғылым мен білім беру саласындағы жаңа бағыттар мен жоспарлар талқыланды
Жұбанов университетінде 2025 жылдың алғашқы Ғылыми кеңес мәжілісі өтіп, университеттің ғылым мен білім беру саласындағы жаңа бағыттар мен жоспарлар талқыланды. Мәжілісте маңызды бастамалар мен өзгерістер қаралып, жоғары оқу орнының ғылыми әлеуетін арттыру мен оқу бағдарламаларын жетілдіруге бағытталған бірқатар жаңашылдықтар ұсынылды.
Ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Рахым Бекназаров университеттің ғылыми-зерттеу жұмыстарын тиімді ұйымдастыру жолдарына тоқталды. Олардың ішінде өндірістік кәсіпорындармен ынтымақтастықты кеңейту, студенттік ғылымды ынталандыру, диссертациялық кеңес жұмысын жетілдіру және ғалымдарды инфрақұрылымға тарту сияқты маңызды қадамдар бар. Сонымен қатар, коммерциализация жобалары бойынша Heriot-Watt университеті арқылы халықаралық жобаларға қатысу, академиялық артықшылықтың жаңа зертханалық корпусының құрылысы және басқа да өзекті мәселелер айтылды.
Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Людмила Мясникова жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын заман талабына сай жетілдіру қажеттігін атап өтті. Баяндама аясында Шыңжаң қаржы-экономикалық университетімен бірлескен «Экономика» магистратура бағдарламасын енгізу, білім беру бағдарламаларына түсу ережелерін жаңарту және оқу сапасын арттыруға бағытталған бірқатар өзгерістер қарастырылды.
Мәжілісте сондай-ақ университеттің профессор-оқытушылар құрамын ғылыми атақтарға ұсыну, монографияларды баспадан шығару, университеттің бюджеттен тыс қаражатынан қаржыландырылатын жас ғалымдардың ғылыми-инновациялық жобаларын бекіту мәселелері қаралып, нақты шешімдер қабылданды.
Сонымен қатар Ғылыми кеңес кезінде бірқатар оқытушыларға марапаттар табысталды.
Университет ректоры «Мұнайгаз ісі» кафедрасының доценті, техника ғылымдарының кандидаты Ақжарқын Балғынованы «Машина жасау» ғылыми бағыты бойынша қауымдастырылған профессор ғылыми атағын және «Математика» кафедрасының доценті, PhD Сандуғаш Мынбаеваны «Математика» ғылыми бағыты бойынша қауымдастырылған профессор атағын иеленуімен құттықтады.