Басты бет > Жаңалықтар > Асқар Жұбановтың ғылыми мұрасы: жаңа мультимедиялық кабинет ашылды
4
Асқар Жұбановтың ғылыми мұрасы: жаңа мультимедиялық кабинет ашылды

Бүгін Жұбанов университетінің Н.Байғанин атындағы оқу ғимаратында қазақ тілінің ұлттық корпусының негізін қалаушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Асқар Құдайбергенұлы Жұбановтың атына жабдықталған заманауи мультимедиялық кабинет ашылды.

Кабинеттің ашылу рәсіміне университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, филолог ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен студенттер, сондай-ақ Асқар Жұбановтың жұбайы Эльмира Жұбанова қатысты.

Бұл кабинет заманауи мультимедиялық лингафон құрылғыларымен толықтай жабдықталған. Сонымен қатар, кабинеттің ішіне ғалымның кітаптары, оқулықтар мен монографиялары қойылған. Ашылу рәсімінде сөз алған Эльмира Жұбанова ғалымның өмірі мен шығармашылығына қатысты естеліктерімен бөлісіп, осы маңызды бастаманы қолдаған университет басшылығына алғысын білдірді.

Кабинеттің ашылуынан кейін «Асқар Жұбанов және компьютерлік лингвистика» тақырыбында онлайн семинар өтті. Бұл шара ғалымның лингвистика саласындағы көрнекті еңбектерін, әсіресе қазақ тілінің ұлттық корпусын қалыптастырудағы көшбасшылығын талқылауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, семинарда жасанды интеллектінің білім беру процесіндегі маңызы, сондай-ақ тіл білімі мен лингвистикадағы жаңа бағыттар қарастырылды.

Шараға Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары да қатысып, Асқар Жұбановтың ғылыми мұрасын зерттеудің қазіргі заманғы тәсілдері мен тіл саласындағы жаңа мүмкіндіктер туралы пікір алмасты.

Айта кетейік, Асқар Жұбанов қазақ тілінің ұлттық корпусының негізін қалаушы ретінде ұлттық тіл білімін дамытуда елеулі үлес қосты. Оның бастамасындағы ұлттық корпус әртүрлі саладағы зерттеушілерге, тілшілерге, әдебиеттанушыларға және гуманитарлық ғылымдар өкілдеріне қажетті құрал болып табылады. Ұлттық корпус тіл білімі мен шетел тілдерін оқытуда, оқулықтар мен бағдарламалар құрастыруда үлкен маңызға ие.