
Студенттермен заң талаптары мен тәртіп мәселелері жөнінде маңызды кездесу өтті
Бүгін Жұбанов университетінде студенттермен кездесу өтті. Кездесуге Ақтөбе облысы Әділет департаментінің Зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің басшысы Тимур Убишев, заң консультанттар Палатасының Төрағасы Бақытбек Телібеков, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс кеңсесінің жетекшісі Дархан Мүсіров және академиялық қызмет департаментінің директоры Сабырғали Бишекен қатысты.
Іс-шара барысында студенттерге құқық бұзушылықтың алдын алу, заң талаптарын түсіндіру және тәртіп мәселелері бойынша түсінік беріліп, құқықтық білімді дамыту мен қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Тимур Убишев өз сөзінде заң және тәртіп болу үшін, алдымен, тәрбие мен мәдениеттің қалыптасуы маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол зияткерлік меншік құқықтары саласындағы жаңа өзгерістер мен студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру қажеттілігі туралы айтты. Ал Бақытбек Телібеков өз кезегінде заң консультанттары палатасының жұмысын және қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы рөлін түсіндірді. Дархан Мүсіров сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес пен комплаенс мәселелеріне қатысты ой-пікірін білдіріп, жастардың бұл бағыттағы білімдерін жетілдірудің маңыздылығына тоқталды. Сабырғали Бишекен білім беру саласындағы академиялық қызметтің ерекшеліктері мен университеттің ішкі тәртіп ережелері жайында баяндады.
Жиналған жастар құқықтық тәртіпке, қоғамның жұмыс істеуі үшін заңдылықтың маңыздылығына және күнделікті өмірде құқықтық нормаларды сақтаудың маңыздылығына байланысты негізгі мәселелерді талқылауға белсене қатысты.