Басты бет > Жаңалықтар > Zhubanov university-де «Күміс университет» жобасы бастау алды
4
Zhubanov university-де «Күміс университет» жобасы бастау алды

Бүгін Жұбанов университетінде «Күміс университет» жобасының ашылу салтанаты өтті. Биыл бұл жобаға 170 тыңдаушы тіркеліп, қатысушылар саны өткен жылмен салыстырғанда едәуір артты. Өткен жылы аталмыш жоба аясында 90-нан астам күміс жастағы қатысушылар түрлі курстарда тегін білім алған болатын.

Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген академиялық мәселелер жөніндегі проректор Людмила Мясникова университетте 2021 жылы «Өмір бойы оқу» тұжырымдамасы аясында іске қосылған «Күміс университет» жобасы әлеуметтік тұрғыда маңызды әрі сәтті жүзеге асқан бастама екенін атап өтті. Бұл жоба аға буын өкілдеріне білім алуға жаңа мүмкіндіктер ұсына отырып, олардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.

Биылғы «Күміс университет» жобасы аясындағы курстар бірнеше негізгі бағытты қамтиды. Атап айтсақ: қазақ тілі, ағылшын тілі, цифрлық сауаттылық, емдік дене тәрбиесі, шахмат, мәңгілік жас вальс, тігін, жүннен сәндік аксессуарлар дайындау, ресурстық қолдау және психология (үйлесімділік) курстары.

Жобаның басты мақсаты — аға буын өкілдеріне заманауи ақпараттық технологиялар мен құралдарды меңгеруге мүмкіндік беру, олардың жеке дамуына қолдау көрсету және белсенді өмір сүру дағдыларын арттыру. Сонымен қатар, бұл жоба денсаулықты нығайтуға, рухани және физикалық тұрғыдан дамуға ықпал етеді. Курс барысында теориялық және практикалық сабақтармен қатар, қатысушылар шеберлік сыныптарына, тренингтерге, пікірталастарға, интерактивті іс-шараларға да қатыса алады. Сабақты Жұбанов университетінің профессор-оқытушылары жүргізеді. Курс аяқталған соң әр қатысушыға арнайы сертификаттар табыс етіледі.

Шараның ашылу рәсімінен кейін «Ұлттық құндылықтар – тәрбие тірегі» тақырыбында ашық дәріс ұйымдастырылды. Дәрісті педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлшат Бахтиярова жүргізді.