Басты бет > Жаңалықтар > Астрономия бойынша дуалды білім беру: Практикалық білім берудің жаңа бағыттары
4
Астрономия бойынша дуалды білім беру: Практикалық білім берудің жаңа бағыттары

Ақтөбе облыстық планетарийінің әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Гүлзия Есімгүжиева Жұбанов университетінде 2019 жылдан бері практик маман ретінде «Физика» білім беру бағдарламасының студенттеріне астрономия саласының қыр-сырын үйретіп келеді.  

«2020 жылдан бастап Ақтөбе облыстық планетарийі базасында Жұбанов университетінің «Физика» кафедрасының филиалы ашылды. Бұл жобаның аясында студенттерге астрономия пәні дуалды жүйеде оқытылып келеді. Мұндай оқыту тәсілі білім алушыларға теория мен практиканы қатар меңгеруге мүмкіндік береді. Студенттер университеттегі дәрістермен қатар, планетарийде ғылыми тәжірибелер мен зерттеулер жүргізіп, астрономиялық құралдармен жұмыс істеу арқылы өз білімдерін тереңдетеді. Бұл интеграцияланған оқыту әдісі астрономия ғылымын насихаттау мен болашақ мамандарды даярлауда маңызды рөл атқарады»,- дейді Гүлзия Есімгүжиева.

Планетарийдегі астрономия сабағынан практикалық жұмыс барысында студенттер телескопты дұрыс пайдалану әдістерін, аспан денелерін анықтау, астрономиялық координат жүйелерін түсіну, астрономиялық уақытты меңгеру, космостық масштабты қабылдау және географиялық орын мен аспан арасындағы байланыс дағдыларын игереді.

«Студенттер астрономиялық құбылыстарды түсіну барысында айдың фазалары, күннің қозғалысы, тұтылулар, кометалардың өтуі сияқты құбылыстар туралы теориялық және практикалық білім алады. Сондай-ақ, экваториальды және азимутты координат жүйелерінде объектілердің орналасуын анықтау дағдыларын меңгереді. Бұдан бөлек, ғаламның құрылымы, оның кеңеюі, қараңғы материя мен энергия жайлы түсініктер алады, жұлдыздардың туылуы, өмір сүруі мен өлу кезеңдерін зерттейді, күн мен айдың уақыттық арақатынасын зерттеп, уақыт есептеу дағдыларын қалыптастырады»,- деп атап өтті практик маман.