Басты бет > Жаңалықтар > Жұбанов университетінде заң мен тәртіптің маңыздылығы талқыланды
4
Жұбанов университетінде заң мен тәртіптің маңыздылығы талқыланды

Бүгін Жұбанов университетінде студенттермен заң және тәртіп тақырыбында маңызды кездесу ұйымдастырылды. Кездесуге Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Жадан Бисенбин, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бас маманы Нұрболат Махмутов, комплаенс кеңсесінің офицері Нұрлан Қаржаубаев және заң ғылымдарының кандидаты, доцент Ақылбек Нурлин қатысты.

Кездесу барысында заң және тәртіп тақырыбында сөз алған спикерлер еліміздегі құқықтық тәртіптің маңыздылығын және оны сақтау жолдарын талқылады. Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Жадан Бисенбин заңды сақтау мен құқықбұзушылықтың алдын алудың экономикалық тұрақтылық үшін маңызды екеніне тоқталды. Ол заң мен тәртіптің экономика деңгейін көтеруге, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық пен құқықбұзушылықтарды төмендетуге ықпал ететінін атап өтті.

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бас маманы Нұрболат Махмутов өз кезегінде, әрбір азаматтың құқықтық тәртіпті сақтауы қажет екенін айтты. Ол студенттерге заңды бұзбай, заңның үстемдігін сақтаудың қоғам үшін маңызды екенін түсіндіріп, жастарды тәртіпке шақырды.

Комплаенс кеңсесінің офицері Нұрлан Қаржаубаев студенттерге болашақта кәсіби өмірде кездесетін құқықтық мәселелерді дұрыс шешуге көмектесетін практикалық кеңестер ұсынды. Сонымен қатар заң ғылымдарының кандидаты, доцент Ақылбек Нурлин заң және тәртіптің қоғамның дамуына қосатын үлесін сөз етіп, студенттерді қоғамның жауапты мүшелері ретінде тәрбиелеудің қажеттілігіне мән берді.

Қатысушылар кездесу барысында студенттермен сұрақ-жауап сессиясын өткізіп, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған кеңестер мен ұсыныстар берді.