Басты бет > Білім > Жұбанов университетінде оқушыларға арналған «Zhubanov» олимпиадасы өтті
4
Жұбанов университетінде оқушыларға арналған «Zhubanov» олимпиадасы өтті

Жұбанов университетінде 11-сынып оқушыларына арналған «Zhubanov» олимпиадасы ұйымдастырылды. Білім сайысына Маңғыстау облысы, Орал, Ақтөбе қалаларынан және Шалқар, Мартук, Карғалы, Байғанин, Әйтеке би, Алға, Темір аудандарынан 500-ге жуық оқушы қатысты.

Олимпиада қатысушылары түрлі бағыттар бойынша өз білімдерін сынады. Олардың қатарында математика-физика, математика-информатика, математика-география, биология-география, химия-биология, дүниежүзі тарихы – география, география-шетел тілі, математика-география, дүниежүзі тарихы-құқық негіздері, қазақ тілі-қазақ әдебиеті, орыс тілі-орыс әдебиеті, дүниежүзі тарихы-құқық негіздері, география – шет тілі бағыттары бар.

Зияткерлік жарыс екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде оқушылар бейіндік пәндер бойынша тестілеуден өтті, ал екінші кезеңде практикалық тапсырмалар орындады.

Жеңімпаздар үшін арнайы білім гранттары мен жеңілдіктер қарастырылған. Бірінші орын алған оқушылар Жұбанов университетінің 2025-2026 оқу жылына бір жылдық оқу ақысына 100% білім беру грантын иеленді. Екінші орын алғандарға оқу ақысына 50% жеңілдік, ал үшінші орын алғандарға 35% жеңілдік берілді. Бұл жеңілдіктер мен гранттар олимпиада қатысушысы таңдаған бағытқа сәйкес университетке ақылы негізде түскен жағдайда ғана жарамды.

Айта кетейік, университет қабырғасында жылда тұрақты өткізіліп келе жатқан «Zhubanov» олимпиадасы дарынды жастарды қолдап, олардың білімін дамытуға мүмкіндік беретін маңызды жобаға айналып отыр.