
Zhubanov university-де Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы өкілдері студенттермен кездесу өткізді
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы өкілдерінің қатысуымен «Заң және тәртіп» қағидатына сәйкес студенттермен онлайн кездесу өтті. Бұл шара жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, құқықбұзушылықтың алдын алу және заң талаптарын түсіндіру мақсатында ұйымдастырылды.
Кездесуге Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Стратегиялық даму департаментінің Құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы қадағалау және үйлестіру басқармасының бастығы Жасұлан Даулембаев, Ақтөбе облысы Полиция департаментінің ювеналдық полиция тобының бастығы, полиция майоры Ботакөз Жалекешова, сондай-ақ әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Еркін Тастанқұлов қатысты.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі Жасұлан Даулембаев құқықбұзушылықтың алдын алу және заңнамалық нормалардың сақталуы бойынша мемлекеттік деңгейде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып өтті.
- ҚР Президенті заң мен тәртіптің мемлекет пен қоғам үшін басты қағидат болуы керектігін атап көрсетті. Бүгінгі кездесудің басты мақсаты – «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жастарға құқықтық нормаларды түсіндіру. Қандай әрекет қылмысқа жатады, қандай әрекет әкімшілік құқықбұзушылық болып саналады және бұл үшін қандай жазалар қолданылады – мұның бәрін сіздер білуге тиіссіздер. Сонымен қатар қылмыстың алдын алу шараларына ерекше көңіл бөлдік, – деді Жасұлан Даулембаев.
Кездесу барысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі мәселелері, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен киберқылмысқа қарсы іс-қимыл, сондай-ақ құқықбұзушылық профилактикасы саласында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.
Ботакөз Жалекешова жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және жауапкершілік мәселелеріне тоқталып, полиция қызметінің негізгі бағыттарын таныстырды. Ал Еркін Тастанқұлов университет қабырғасында студенттердің құқықтық тәрбиесін күшейту жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Кездесу соңында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды.