Басты бет > Халықаралық байланыстар > Heriot-Watt университеті Ақтөбе кампусының 1 курс студенттері алғашқы емтихандарын тапсырды
4
Heriot-Watt университеті Ақтөбе кампусының 1 курс студенттері алғашқы емтихандарын тапсырды

Бүгін Heriot-Watt университетінің Ақтөбе кампусында білім алатын 1 курс студенттері алғашқы емтихандарын тапсырды. Жалпы саны 250 студент 31 наурыз – 3 сәуір аралығында математика, физика, химия, ақпараттық технологиялар және ағылшын тілі пәндерінен сынақтан өтуде.

Кампустың аға оқытушысы, PhD Мұқағали Қаламбай бұл емтихандардың студенттердің 10 апта бойы жинаған білімдерін бағалау үшін өткізілетінін атап өтті.

– Емтихан Heriot-Watt университетінің стандарттарына сәйкес өтеді. Студенттер емтиханға өздерімен бірге тек қалам, қарындаш, ID картасы, бір бөтелке су және математика мен физика пәндеріне инженерлік калькулятор алып кіруге рұқсат етіледі. Емтихан аяқталғаннан кейін студент өз аты-жөні мен ID картасының нөмірін арнайы стикерге жапсырады. Бұл емтиханның ашық және әділ өтуін қамтамасыз етеді. Нәтижелер екі сатылы тексеруден өтеді: алдымен біздің оқытушылар бағалайды, содан кейін шотландиялық әріптестеріміз қайта тексереді, – деді ол.

Студенттер алғашқы емтиханды математика пәнінен тапсырды. 1,5 сағатқа созылған сынақтан шыққан Амира Марат емтихан кезінде қиындық болмағанын айтты.

– Бұл – біздің алғашқы емтиханымыз, сондықтан қобалжу болды. Бірақ оқытушыларды тыңдап, дәрістерге белсенді қатысып, ізденіп жүрген студенттер үшін емтиханды сәтті тапсыру қиын емес. Мен емтиханды оңай өттім, себебі жақсы дайындалдым. Барлық студенттерге сәттілік тілеймін, – деді ол.

Айта кетейік, оқу жылы ішінде емтихан екі рет өткізіледі. Егер студент қорытынды емтиханда қажетті ұпай жинай алмаса, тамыз айында қайта тапсыру мүмкіндігі беріледі.