
Yandex Qazaqstan GR-директоры жастарға тәжірибесімен бөлісті
Бүгін Жұбанов университетінде Yandex Qazaqstan GR-директоры Мейірбек Мұқатов студенттерге «Мемлекеттік қызмет және GR бойынша» тақырыбында қонақ дәрісін өткізді.
Дәріс барысында Мейірбек Мұқатов мемлекеттік қызмет саласындағы тәжірибесімен бөлісіп, болашақ жас мамандарға құнды кеңестерін берді. Ол өзінің жұмыс жолындағы тәжірибесін, мемлекеттік қызметтің қиындықтары мен жетістіктерін баяндап, студенттерді осы салада жетістіктерге жету үшін қажетті білім мен дағдыларды меңгеруге шақырды.
Мейірбек Мұқатов мемлекеттік қызметте жетістікке жету үшін үнемі өзгерістерге бейімделіп, жаңа дағдыларды меңгеру керек екенін атап өтті. Ол студенттерге осы кезеңнен бастап өздерін дайындап, көптеген ізденістер мен білім алуды жалғастыру керектігін айтты. «Заман ағымы тез өзгеріп жатыр, сондықтан сіздер жан-жақты, білімді болуларыңыз қажет. Мемлекеттің механизмі басқару, ереже, тәртіп, заң, ең маңыздысы әр сатыда дұрыс шешім қабылдай білу», — деді ол.
Айта кетейік, Мейірбек Мұқатов Жұбанов университетінің түлегі. Ол мемлекеттік қызметте 10 жылдан астам тәжірибесі бар маман. Сонымен қатар «Мнимый реформатор» және «Мемлекеттік қызмет туралы ойлар» кітаптарының авторы.