
Zhubanov university-де Nottingham университетінің ғалымы қонақ дәрісін өткізді
Бүгін Жұбанов университетінің профессор-оқытушылары мен білім алушылары Ұлыбританияның Nottingham университетінің ғалымы, PhD доктор Yuwei Xu-дың қонақ дәрісіне қатысты.
Дәріс барысында профессор шетелде білім алу, ғылыми журналдарға мақалалар жариялау және халықаралық зерттеулер жүргізу тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар Nottingham университетіндегі магистратура және PhD бағдарламаларының ерекшеліктеріне тоқталды.
Доктор Yuwei Xu – WoS, Scopus базасына кіретін төрт ғылыми журналдың редакторы. Оның ғылыми беделінің көрсеткіші болып табылатын H-index 12-ге тең.
Айта кетейік, шетелдік ғалым Жұбанов университетіне педагогика және білім берудегі менеджмент факультетінде дәрістер оқу үшін екі аптаға келген болатын. Ол осы уақыт аралығында факультет оқытушылары және білім алушыларына мектепке дейінгі оқыту, дарынды балалармен жұмыс жасау, заманауи зерттеулер мен инновациялық әдістер жайлы тың ақпараттарымен бөліседі.
Доктор Yuwei Xu-дың дәрісі университет оқытушылары мен студенттері үшін пайдалы тәжірибе алмасу алаңы болды. Ғалымның баяндамасы тыңдаушыларға халықаралық ғылыми қауымдастықпен байланыс орнату, ғылыми зерттеулерді сапалы жүргізу және заманауи білім беру әдістерін меңгеру бағытында жаңа мүмкіндіктер ашты.