
Интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды
Бүгін Жұбанов университеті мен Ақтөбе облысы Полиция департаменті интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Ақтөбе облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Ғалым Байжанов қазіргі уақытта интернет-алаяқтықтың кең таралғанын, сондықтан бұл ынтымақтастықтың маңыздылығы жоғары екенін атап өтті. Ол интернет-қауіптерден қорғауға бағытталған бастамаларды бірлесе жүзеге асыруға дайын екенін мәлімдеді.
Өз кезегінде әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Еркін Тастанқұлов студенттерді интернет-алаяқтықтың қауіптері мен қорғану тәсілдері туралы уақытылы хабардар етудің және жастарды киберқауіпсіздік саласындағы волонтерлік қызметке тартудың маңыздылығына тоқталды.
Кездесуде тараптар алдағы уақытта бірлесе атқаратын жұмыстарды талқылады. Атап айтқанда, меморандум аясында студенттердің өндірістік тәжірибесін ұйымдастыру, түлектердің жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету, студенттерге интернет-алаяқтықтың түрлері, жеке деректерді қорғау, фишинг, аккаунттарды бұзу сияқты тақырыптарда дәрістер, тренингтер мен семинарлар өткізу, киберқауіпсіздік саласындағы волонтерлік қозғалысты дамыту және алаяқтықтан қорғану дағдыларын қалыптастыру мақсатында оқу-жаттығу шараларын ұйымдастыру мәселелері қарастырылды.