
ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев студенттермен кездесті
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев студенттермен кездесу өткізді. Кездесу жастарды ғылым мен білім саласындағы соңғы өзгерістермен таныстыруға және олардың пікірлерін тыңдауға арналды.
Кездесу барысында Руслан Емелбаев Қазақстанда білім беру жүйесін дамыту, жоғары оқу орындарының сапасын арттыру және студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарын ынталандыру мәселелеріне тоқталды. Ол еліміздегі білім беру жүйесін халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті ету мақсатында атқарылып жатқан реформаларды түсіндірді. Сонымен қатар елімізде бөлінетін гранттар жайында ақпарат беріп, оларды өтеу жолдарын атап өтті.
Педагогикалық мамандықтар бағытына қатысты мәселелерге де назар аударып, мұғалім мәртебесін көтеру бағытында жасалып жатқан өзгерістер туралы сөз қозғады. «Бұл бағытта көптеген жаңашылдықтар енгізілуде. Студенттеріміздің білім сапасын арттырып, оларды кәсіби мамандар ретінде қалыптастыруымыз маңызды. Кез келген ата-ана баласын ең жақсы мектепке, ең жақсы мұғалімге бергісі келеді», – деді Руслан Емелбаев.
Кездесу барысында студенттер өздерінің білім беру процесіне қатысты сұрақтарын қойып, министр кеңесшісінен бірнеше ұсыныс пен кеңестер алды.