
Zhubanov university-де ІІ аймақтық «Математикалық тартыс» олимпиадасы өтті
2025 жылғы 3-5 сәуір аралығында Жұбанов университетінде физика-математика ғылымдарының докторы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің құрметті профессоры М.У.Ахмет атындағы II аймақтық «Математикалық тартыс» олимпиадасы өтті.
Олимпиада Батыс өңіріндегі жоғары оқу орындарының «Математика» білім беру бағдарламаларының студенттері арасында өткізілді. Сайыс үш күн бойы жалғасып, әр команда 5 тартысқа қатысып, өз білімдерін дәлелдеді.
Олимпиадаға Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инженерия университеті, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті, Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті және Жұбанов университетінің 4 студенттен тұратын құрама командалары қатысты.
«Математикалық тартыс» сайысында командалар бір мезгілде есептерді шығарып қана қоймай, олардың шешу жолдарын да түсіндіруден жарысты. Қатысушылардың білім деңгейі мен тапсырмаларды шешудегі жылдамдығы бағаланды.
Олимпиаданың қорытындысы бойынша бірінші орын алған жеңімпаздарға магистратурада 1 жылдық оқуға 100% жеңілдік, екінші орын иегеріне 70% жеңілдік, үшінші орынға 50% жеңілдік сертификаттары табысталды.