
«Ғылымға қадам» жобасының екінші кезеңі өтті
Бүгін Жұбанов университетінде «Ғылымға қадам» жобасының екінші кезеңі басталды. Бұл жоба – ғылымнан алыстап қалған, бірақ қайта оралғысы келетін әйелдер үшін арналған бірегей бастама.
Жобаға қатысушылар – магистратураны аяқтап, отбасылық немесе басқа да себептермен ғылыми мансабын уақытша тоқтатқан, бірақ оны қайта жалғастыруға ниетті әйелдер. Бүгінгі кездесуде олар ғылыми әлеуеті жоғары мамандар ретінде өз тәжірибелерімен бөлісіп, жаңа білім алды.
Университет ректоры Лаура Қарабасова бұл жоба ғылымға қадам басқысы келетін әйелдерге үлкен мүмкіндік екенін атап өтіп, университеттің барлық ресурстарының оларға қолдау көрсету үшін ашық екенін айтты.
Бақытгүл Нұржанқызы, бала күтімімен отырған ана, жобаға қатысып, ғылымға оралуға мүмкіндік берген университет басшылығына алғысын білдірді. Ол: «Жоба арқылы докторантураға түсу бойынша көптеген бағыт-бағдар алдық. Және де мамандардың тәжірибесі бізге көп көмек болды», – деп атап өтті.
Кездесу барысында Зәмзагүл Аймаганбетова ғылымға қайта оралудың маңызы мен мүмкіндіктері туралы ойларын бөлісіп, қатысушыларға сұрақ-жауап сессиясын ұсынды.
Айта кетсек, Жұбанов университетінің жанындағы заманауи ғылыми зертханалар жоба қатысушыларына ғылыми жұмыстармен айналысуға, эксперименттер жасауға және нәтижелерді рәсімдеуге үлкен мүмкіндік береді.